Шетелдегі қазақтар ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырған «Отандастар Форумына» жиналып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Форумға шетелдегі 200-ден астам қазақ ұйымдарының басшылары, белсенді және танымал тұлғалармен қатар, отандық ғылым, білім, мәдениет, спорт, бизнес, медиа, саясат, қоғамдық ұйымдар және басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері қатысады.
Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау, еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру, шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.
Айта кетейік, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 123,2 мың этникалық қазақ оралды. Ал, 2023 жылы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 16 026 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (53,6%) Өзбекстаннан, 19,6% – Қытайдан, 10,9% – Моңғолиядан, 7,8% – Ресейден, 5,9% – Түрікменстаннан және 2,2% басқа елдерден келген.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Оның ішінде, Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстандырылды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде көмек көрсетіледі.
Айта кетейік, осыған дейін шетелден келген 200 қандасқа ұлттық ойындар көрсетілген еді.