Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов шетелдегі азаматтардың республикалық референдумға қатысуына қатысты кезекті мәліметті жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, референдум барысында 54 елде орналасқан 71 учаске жұмыс істеп жатыр. Шетелдегі дауыс беру үдерісі Астана уақытымен таңғы сағат 03:00-ден басталған.
Уақыт белдеулеріндегі айырмашылыққа байланысты сағат 19:00-ге дейін барлық учаскелер ашылып, олардың 14-і өз жұмысын аяқтап үлгерді. Осы уақытқа дейін шетелде келіп дауыс берген азаматтар саны 9050 адамды құрады, - деп атап өтті сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары.
Министр орынбасарының мәліметінше, Астана уақытымен сағат 00:00-ге дейін шетелдегі 64 учаске жұмысын тәмамдайды. Ал АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы референдум учаскесі ең соңғы болып жабылады. Ондағы дауыс беру 16 наурыз күні Астана уақытымен сағат 08:00-де аяқталады.