Шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтары қорғалады – Үкімет басшысы

29 Қараша 2022, 11:10
1392
Бөлісу:
Шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтары қорғалады – Үкімет басшысы

Тұжырымдама көші-қон процестерін барынша тиімді реттеу үшін әзірленді. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, бұл құжатта  демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескертілген.

Қазақстан экономикасына  жоғары білікті мамандарды,  инвестиция, озық технологияларды тарту үшін Тұжырымдама жобасында визалардың жаңа түрлерін енгізу көзделіп отыр. Ондай визалар жетекші ғалымдарға,  оқытушыларға, шығармашылық және біздің нарықта аса қажет мамандық иелеріне  беріледі, - деді ол

Үкімет басшысы әлеуетті инвесторларға қойылатын талаптар да қайта қаралатынын атап өтті.

Ірі инвесторларға  10 жыл мерзімге тұруға рұқсаты бар  инвесторлық визалар беріледі. Сондай-ақ,  азаматтарды еңбек күші жетпейтін өңірлерге көшіп баруын ынталандыру да  тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі. Бұл ретте  көшіп барғандарды баспанамен,  әлеуметтік инфрақұрылыммен және жұмыспен қамтамасыз ету алдын-ала пысықталатын болады, - деді Смайылов.

Тағы бір маңызды мәселе – ол  шетелде жұмыс істейтін  қазақстандықтардың құқықтарын қорғау.

Біздің отандастарымызға  заңгерлік  және консультациялық көмек көрсетілетін болады. Ол үшін қазақстандық азаматтар көп жұмыс істейтін елдермен екіжақты келісімдер жасалатын болады. Қай елде еңбек етсе де, біз  өз азаматтарымызды қорғай алуымыз керек. Тұжырымдамада  «бір терезе» қағидаты бойынша  мигранттардың қозғалысын есепке алудың  бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген. Ол  мигранттарды цифрлық сәйкестендіруге, қажет болған жағдайда олардың жүріп-тұруын бақылауға  мүмкіндік береді, - деді Премьер-министр. 

Өзгелердің жаңалығы