Шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығы қалай қорғалады?

Соңғы жылдары шетелде жұмыс істеуге ниетті қазақстандықтардың саны артып келеді.

Бүгiн 2026, 18:52
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 18:52
Бүгiн 2026, 18:52
188
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Жоғары жалақы, жаңа тәжірибе жинау мүмкіндігі және еңбек нарығындағы сұраныс азаматтарды басқа елдерден жұмыс іздеуге ынталандырады. Алайда мұндай қадам әрдайым қауіпсіз бола бермейді. Кейбір азаматтар алаяқ делдалдардың құрбанына айналса, енді бірі еңбек шартының бұзылуы, жалақының төленбеуі немесе заңсыз жұмысқа тартылу сияқты қиындықтарға тап болады. Осыған байланысты Қазақстан азаматтардың шетелдегі еңбек құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін енгізуге кірісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қауіпсіз жұмысқа орналасудың цифрлық жүйесі енгізіледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелге жұмысқа орналастыру қызметін көрсететін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін бақылауды күшейтпек. Қазіргі таңда елімізде шамамен 400-ге жуық осындай агенттік жұмыс істейді.

Осы мақсатта migration.enbek.kz платформасы негізінде QazETA цифрлық экожүйесі құрылмақ. Жаңа жүйе арқылы агенттіктер арнайы цифрлық тізілімге енгізіледі. Олар мемлекеттік дерекқорлар арқылы автоматты түрде тексеріліп, заң талаптарына сәйкестігі бағаланады.

Бұл азаматтарға сенімді және заңды жұмыс істейтін агенттіктерді таңдауға мүмкіндік береді.

Азаматтар алаяқтардан қалай қорғалады?

Жаңа модель бойынша жұмысқа орналастыруға қатысты барлық келісімдер арнайы платформа арқылы рәсімделеді. Яғни агенттік пен азамат арасындағы шарттар электронды форматта жасалып, жүйеде сақталады.

Бұл бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік береді:

  • жасырын комиссияларды азайтуға;
  • ауызша келісімдердің алдын алуға;
  • азаматтардың құқықтарын құжат жүзінде қорғауға;
  • туындаған дауларды дәлелдеуге жағдай жасауға.

Сондай-ақ жүйеде шетелдік жұмыс берушілерді тексеру тетігі қарастырылған. Бұл ұсынылған бос жұмыс орындарының заңдылығын растауға көмектеседі.

Мемлекет азаматтың жолын бақылап отырады

Көші-қон саласындағы жаңа цифрлық модель азаматтың шетелде жұмысқа орналасу процесін толық қамтиды. Яғни жүйе агенттікті таңдаудан бастап, шетелге барып жұмысқа орналасу және Қазақстанға қайта оралғанға дейінгі кезеңдерді бақылауға мүмкіндік береді.

Мұндай тәсіл мемлекеттік органдарға проблемалық жағдайларды ертерек анықтауға және азаматтарға қажетті көмек көрсетуге жол ашады.

Халықаралық тәжірибе негізге алынды

Жаңа жүйені әзірлеу барысында еңбек көші-қоны жақсы жолға қойылған бірнеше елдің тәжірибесі зерттелген. Олардың қатарында Филиппин, Сингапур, Ұлыбритания және Австралия бар.

Мысалы, Филиппин әлемдегі еңбек мигранттарын қорғау жүйесі ең дамыған мемлекеттердің бірі саналады. Ел билігі шетелге жұмысқа жіберетін агенттіктерді қатаң бақылап, азаматтарға құқықтық және консулдық қолдау көрсетеді. Қазақстан да осы тәжірибенің тиімді элементтерін енгізуді көздеп отыр.

Азаматтар неге мән беруі керек?

Мамандар шетелде жұмыс істеуді жоспарлаған азаматтарға бірнеше маңызды кеңес береді:

  • тек ресми тіркелген агенттіктермен жұмыс істеу;
  • еңбек шартын мұқият оқу;
  • жұмыс беруші туралы ақпаратты алдын ала тексеру;
  • құжаттардың көшірмесін сақтау;
  • Қазақстанның елшілігі мен консулдығының байланыс деректерін жазып алу.

Егер азаматтың құқығы бұзылған жағдайда, ол Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктеріне немесе жергілікті құқық қорғау органдарына жүгіне алады.

Қазақстан еңбек миграциясын реттеудің жаңа цифрлық кезеңіне қадам басып отыр. Жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін бақылау, шетелдік жұмыс берушілерді тексеру және барлық келісімдерді электронды форматқа көшіру қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. 

Наверх