Шет елге кеткен 13 мың студент елге қайта оралды

1 Ақпан 2023, 17:44
2539
Бөлісу:
Шет елге кеткен 13 мың студент елге қайта оралды
VIDEO
Фото: Azattyq Rýhy

Елімізде шет елге  оқуға түскен 13 мың студент қайтып келген, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Бюроның мәліметіне қарағанда, елге қайтып келіп жатқан студенттердің саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Шет елдің жоғары оқу орындарын таңдаған жастардың айтуынша, білім сапасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Мысалы, Еуропаның елдеріне оқуға түскен студенттердің көбісі шет елдегі қымбатшылық пен менталитеттің айырмашылығынан, елге деген сағыныш сезімінен Қазақстанға қайтып келіп жатыр.

Сонымен бірге, тек оқу үшін емес, басқа мемлекетке жұмыс бабымен кеткендер де қайтып елге оралып жатыр.  Мәселен, маркетинг бойынша елде білім алып, жоғары оқу орнын бітірген Фатима Тарғамбай есімді азамат былтыр жазда АҚШ-тың  корпорациясына жұмысқа тұрған. Ол дүкенде 3 ай менеджер болып жұмыс істеген. Содан тәжірибе жинап, тіл үйренгеннен кейін елге қайтуды қалаған.

АҚШ-тан жақсы естелік қалды. Тәжірибе жинадым. Өмірді көрдім. Бірақ бөтен жерге тез үйрене алмадым. Жүйе басқа, талап, көзқарас бөлек. Осының бәрі менің Қазақстанға қайтуыма себеп болды, – деді Алматы қаласының тұрғыны Фатима Тарғамбай.

Сол секілді, Алматы қаласының Рустам Рахымов есімді тұрғыны Еуропада 3 жыл тұрып, Қазақстаннан артық елдің жоқтығын түсініп, елге қайта оралған. Ол мектепті бітіре салысымен Ұлыбританияға оқуға түсуді армандап, сол елдің білімін алуды мақсат еткен екен. Алайда 3 жылдан соң, отандасымыз жер жүзінде елімізден артық мемлекеттің жоқтығын түсініп, Қазақстанда бірнеше саланы дамытуға атсалысу үшін елге оралуды жөн көріпті. Тағы бір алматылық Мария Насриаджиева деген студент Чехияға оқуға түссе де 2-3 айдан соң елге қайтып келген.

2018 жылдың қыркүйегінде Чехияға оқуға түстім. Алғашында білінбегенімен, 2-3 айдан соң үйді сағындым. Білім саласында айтарлықтай өзгеріс байқамады. Елім, жерім ғой. Алысқа кетіп, әлемді аралағаным болмаса,  туған жерім ыстық екенін түсіндім, – деді ол.

Туризм және қонақжайлылық кафедрасының оқытушысы Мария Веретенникованың айтуынша, жастар шетелде оқып, біраз ақшасын жұмсап болған соң, оқуды аяқтамай, елге келіп жатады. Студенттердің елге қайта келгісі келетіндеріне әрине елге, туған жерге деген сағыныш сезімі болуы мүмкін. Дегенмен ең әуелі әлеуметтік-тұрмыстық жағдай да көп әсер етеді. Көбісі шет елдегі қымбатшылыққа шыдамайды.

Өзгелердің жаңалығы