Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу Қылмыстық кодекстің қандай баптары бойынша жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың депутаттық сауалға берген жауабында айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сонымен тергеу Қылмыстық кодекстің келесі баптары бойынша жүріп жатыр:
- 99-баптың 2-бөлігі (адам өлтіру);
- 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық);
- 115-бап (қорқыту);
- 432-бап (қылмысты жасырып қалу);
- 434-бап (қылмыс туралы хабарламау).
Тергеу барысы менің жеке бақылауымда, оқиға орнында министрліктің орталық аппаратының қызметкерлеріде жұмыс істеуде. Қазіргі танда қасақана кісі өлтіруге қатысты күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау бойынша 3 адам соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасуда, оның барысында оқиға болған жерде болған басқада адамдардың қатыстылығы тексеріліп, әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады, – деп жауап берді ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Құзырлы министрліктің мәліметінше, қазір еліміздегі криминогендік ахуал тұрақты.
Еске сала кетейік, 4 қазанда түнде Талғарда жасөспірім қаза тапқан болатын. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат сатып алушымен арада шиеленіс туындаған кезде әкесінің дүкенінде оған көмектесіп жатқан.
Алматы облысының Полиция департаменті "Кәмелетке толмаған баланы өлтіру" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Жасөспірім өлімі туралы істі прокуратура да ерекше бақылауға алды.
Жасөспірім өлімі туралы істі ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алды. Ал дүкеннің кіреберісіне Шерзаттың суреті ілініп, тұрғындар гүл шоқтарын қойған еді. Бүгін сол дүкен қабырғасына марқұм Шерзат бейнеленген плакат ілінді.
Кеше Талғар қаласының әкімі мен орынбасары қызметінен босатылған еді. Сонымен қатар, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінен босатылды. Бұл іс бойынша қазір 10 адам күдікті ретінде ұсталып, Шерзаттың өртеніп кеткен үйінен айғақ заттар табылған еді.
Күні кеше Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Талғардағы Шерзаттың өліміне қатысты жағдайға пікір білдірген еді.