Апелляциялық сот Талғарда қаза тапқан Шерзат Болаттың ісіне қатысты сегіз сотталушының шағымы бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
18 тамызда Шерзат ісі бойынша апелляциялық шағым қарала бастады. Барлық сегіз сотталушы өтініш берді, олар ақтауды немесе ішінара ақтауды сұрады.
Сот офлайн режимінде өтті. Процесті түсіруге тыйым салынған.
Тараптарды тыңдағаннан кейін апелляциялық алқа бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шығарды.
Еске салайық, 5 маусымда Талдықорған сотында тоғыз айыпталушыға үкім шығарылды.
Тергеу мәліметінше, Шерзатқа пышақ жарақатын салған басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Равиль Сакиев 20 жылға сотталды.
Қалған айыпталушылар 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған Ы.Д. 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.