Шерзаттың өліміне қатысы бар деген күдіктілердің түрмеде мәз-мейрам болып, туған күндерін тойлап отырған бейнежазба тарады. Бейнежазба Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының уақытша ұстау изоляторында 8-9 ақпанда түсірілген, деп хабарлайды BAQ.KZ Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
22 қаңтарда полиция былтыр 4 қазанға қараған түні болған кәмелетке толмаған жасөспірімді өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталғанын хабарлады. Қазір тараптарды сотқа дейінгі тергеу материалдарымен таныстыру процесі жүріп жатыр. Танысқаннан кейін қылмыстық іс оның заңдылығын тексеру және сотқа жіберу туралы шешім қабылдау үшін прокурорға жолданады.
2024 жылы 4 қазанда Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы адамдар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Видео жарияланғаннан кейін Алматы облысының ПД изолятор басшылығы жауапкершілікке тартылатынын хабарлады.
Қамауға алынғандардың бірінің туған күнін мерекелеу сәті таспаланған бейнежазбаны уақытша ұстау изоляторынан тарату фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізіледі. Барлық кінәлі адамдар, соның ішінде басшылық қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды, – деді Алматы облысының ПД.