Шерзат Болатты өлтіру ісіне қатысты сотталушылардың жарыссөздері жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік айыптаушылар Ержан Тұрақбаев пен Дана Сәрсенбай сотталушылардың кінәсі дәлелдермен толық дәлелденгенін, ал қорғау тарапының уәждері сын көтермейтінін жеткізді.
Ержан Тұрақбаев тергеу мен сот барысында айыпталушылардың кінәсін растайтын жеткілікті дәлелдер, бейнежазбалар, куәгерлердің айғақтары мен сараптамалық материалдар жиналғанын атап өтті.
Жәбірленушілерге қатысты жекеше қаулы шығаратындай негіз жоқ. Олар жалған куәлік берді деген уәж расталмады. Куәлардың сөзі бейнежазбалармен және басқа да дәлелдермен қуатталған, - прокурор Ержан Тұрақбаев.
Сонымен қатар, сотталушы Азамат Тоқтаубаев пен Нұрқияс Ілиясовқа қатысты пробациялық бақылау режимін бұзуға байланысты жеке тексерулер жүргізіліп жатқанын растады.
Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай қорғау тарапының іс материалдарымен танысу кезінде процессуалдық құқықтар бұзылған деген мәлімдемелеріне жауап берді.
Барлық айыпталушылар мен олардың қорғаушылары іске уақытылы таныстырылды. Олар ескертпе немесе шағым жасау мүмкіндігіне ие болды, бірақ ешқайсысы бұл құқықты пайдаланбады, - деді ол.
Прокурор сондай-ақ сотта қаралмаған "жоғалған диск" туралы қауесетті жоққа шығарды.
Диск жоғалған жоқ, тек істен шығарылған. Оған қатысты толық стенограмма мен сараптама қорытындылары бар, - деді Сәрсенбай.
Мемлекеттік айыптаушылар барлық айыпталушылардың кінәсі дәлелденгенін жеткізді.
Айыптау тарапы сотталушылардың барлықтарының іс-әрекеттері толыққанды дәлелденді деп санайды. Және өзіміздің ұстанымымызда қаламыз, - деді прокуор.
Бұған дейін Абзал Шынасылдың анасы "ешқандай дәлел жоқ" деп сот залында жылап қалған еді.
Айта кетейік, прокурорлар прокурорлар іс бойынша айыпталушы Абзал Шынасылды – Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша 23 жылға бас бостандығынан айыру туралы сұраған еді.
Бүгінгі сот процесі кезінде Абзал Шынасыл жарыссөзде қазақстандықтардан кешірім сұрады.