Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің мұнайлы астанасының көшелерінде «Мәңгілік данқ» акциясы өтті, деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгін 8 мамыр күні - Атыраудың 200-ге жуық тұрғыны әскери оркестрмен бірге Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің суреттерімен Жеңіс саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Іс-шара барысында бастарын өлімге тіккен ардагерлеріміздің ерлігіне тағзым еткен Атырау қаласы әкімі орынбасары Ұлықбек Тналиев тұрғындарды мерекемен арнайы құттықтады.
«Мәңгілік даңқ» Ұлы Жеңіс Күніне орай ел тыныштығы үшін, бейбіт өмір үшін сұрапыл соғыста жанын аямай жау соққысына төтеп беріп жерімізді қорғап қалған ата-бабаларымызды, батыр ардагерлерімізді еске алуға арналған», - деді қала әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев.
Шара екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан сарбаздар мен бүгінде арамызда жоқ майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алумен бастау алды.
Айта кетейік, биыл екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісімізге 74 жыл толады.