Шектеулерге қарамастан жиын-той өткізу инфекцияны ушықтыруда – ДСМ өкілі

28 Шілде 2021, 17:33
1944
Бөлісу:
Шектеулерге қарамастан жиын-той өткізу инфекцияны ушықтыруда – ДСМ өкілі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингі барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты. 

Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайдың ауырлығына қарамастан, халық той-томалақ, ас-садақа өткізулерін жалғастыруда.

Ведомство басшысы 1860-қа жуық мобильді топтың қызу жұмыс істеп жатқандығын алға тартты.

Әрбір адамның жанына медицина немесе полиция қызметкерін қою мүмкін емес. Тек осы шілде айының ішінде 70 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, екі мыңнан астам бұзушылық анықталды. Карантинге қармастан той-томалақ, жиындар өткізіліп жатыр. Соған байланысты инфекция ушығып тұр. Кеше тек бір тәуліктің ішінде ковид инфекциясына байланысты 110 үйде жаназа болып, жерлеу рәсімдері өткізіліпті. Елдің әр азаматынан басқалардың өміріне қауіп төндірмей, барынша жауапкершілік танытуларыңызды сұраймын, - деді вице-министр.
Шектеуді ең көп бұзғандардың көш басында Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Шымкент және Алматы қалалары бар.

Еске сала кетейік, індеттің таралуы бойынша Қазақстан әлем елдері арасында «қызыл» аймақта. 28 шілдедегі жағдай бойынша 549 628 (КВИ+) жағдайы тіркелсе, 60 018 КВИ- жағдайы анықталған.

Өзгелердің жаңалығы