Шекарадағы жағдай. Қырғызстанда бес ауылдың тұрғындары эвакуацияланды

4 Маусым 2021, 22:10
2599
Бөлісу:
Шекарадағы жағдай. Қырғызстанда бес ауылдың тұрғындары эвакуацияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ош облысының Чон-алай ауданында бес ауылдың тұрғындары эвакуацияланды. Бұл туралы 24.kg ақпарат агенттігіне Президент әкімшілігінің аудандық аппарат басшысы Файзидин Низамов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Жекенді ауылдық округінің 8 мыңға жуық тұрғыны өз үйлерін тастап кеткен.

Тұрғындардың бір бөлігі Дароот-Коргон ауылына жеткізілді. Олардың барлығы жергілікті тұрғындардың үйлерінде орналасты. Эвакуацияланғандарды орналастыру үшін спорт залдары мен әлеуметтік объектілер дайындалған, бірақ әзірге онда ешкім жоқ, - деді Файзидин Низамов.

Ол Чон-алай ауданында әзірге жағдай тұрақты екенін атап өтті. 

Біз қақтығыс шиеленіскен жағдайда қауіпсіздік мақсатында тұрғындарды эвакуациялаймыз, - деді шенеунік.

Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрі Бообек Ажикеев Ош облысының Чон-алай ауданындағы жағдайды бақылап, жергілікті тұрғындарды эвакуациялауға басшылық етеді. 

Елдің ТЖМ баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгін сағат 19.30-дан бастап Чон-алай ауданының Жекенді, Қара-Тейит, Қара-Мық, Шұлық және Шибе ауылдарының тұрғындары Дароот-Коргон ауылындағы мектепке эвакуацияланады.

Басқа жергілікті тұрғындар А.Мырзақұлов атындағы орта мектепке, 44 ПТУ мен Орталық мешітке орналастырылады. Эвакуациялау жұмыстарына ТЖМ аудандық бөлімдері, Чон-алай ауданының басшылығы және азаматтық қорғаныс комиссиясы тартылды. ТЖМ Чон-алай аудандық басқармасының басшылығы азаматтарды көшіруді ұйымдастырумен айналысады. Сонымен қатар ТЖМ гуманитарлық көмек ұйымдастыруға кірісті, - деді министрлік өкілі.

Естеріңізге сала кетейік, тәжік тарапы бүгін сағат 03.00-де Қырғызстан аумағына 1 мың метрге дейін терең еніп, Чон-алай ауданының Унжу-бұлақ елді мекеніндегі шекара учаскесінде контейнер орнатуды бастады. Сағат 06.00-де тәжік тарапы орнатылған контейнерден 600 метрге алшақтады.

Қазір ҰҚК Шекара қызметінің қырғыз-тәжік учаскесінде орналасқан бөлімшелері күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы