Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғыз-тәжік шекарасындағы шиеленістен кейін эвакуацияланған қырғызстандықтар Баткен ауданына қайтадан қайтып жатыр.
Бұл туралы Баткен облысы министрлер кабинеті аппаратының уәкілетті өкілі хабарлады, деп жазды 24.kg.
Шекарадағы оқыс оқиғаға байланысты құрылған облыстық штабтың шешімімен бүгін Баткен ауданы тұрғындарына арнайы көлік ұйымдастырылды. Тұрғындардың барлығы үйлеріне қайтады.
Жалпы облыс бойынша эвакуацияланған 40 649 адамға уақытша мекендеу пункттері құрылған болатын.
Қазір өңірдегі жағдай - тұрақты деп бағалануда. Елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстары, ең алдымен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар басталды.
Еске салсақ, оқыс оқиға 28 сәуірде басталған еді. Оған тәжік тарапының Баткен ауданы Кок-Таш ауылының электр бағаналарына камера орнатуы себеп болды. Жергілікті тұрғындар құрылғыны шешуді талап етті. Алайда ұрыс-керіс жанжалға ұласып кетіп, тараптар бір-біріне тас лақтыра бастады. Кейіннен қару да қолданылды.
Қайғылы оқиға салдарынан 190 қырғызстандық зардап шекті, 36-сы опат болды. Оның ішінде балалар да бар. Жанжал туындаған аймақтан 40 мыңнан астам адам эвакуацияланды.
Кейіннен екі ел атысты тоқтатуға уағдаласып, бірлескен мәлімдеме жасады.