Шекара маңындағы аудандар қалай дамытылады?

4 Ақпан 2022, 12:38
3010
Бөлісу:
Шекара маңындағы аудандар қалай дамытылады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жолдаған сауалына жауап берді.

Үкімет басшысының сөзінше, шекара маңындағы аудандарды дамыту жөніндегі шаралар жалпы ауылдық аумақтар тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған түрлі бағдарламалық құжаттар шеңберінде қабылданады.

Мәселен, Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аудандарын дамыту жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған шаралар кешенін іске асыру барысында облыс әкімдіктері экономиканы, көліктік-логистикалық, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, шекараны кесіп өту орындарын жайластыру, жаңа жұмыс орындарын құру, туризм, шекара маңындағы сауда, трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселелерін шешуге бағытталған тиісті іс-шаралар жоспарын қабылдады.

2019 жылы шекара маңындағы ауылдарда жалпы сомасы 5815,8 млн теңгеге 102 жоба, 2020 жылы 13676,8 млн теңгеге 183 жоба іске асырылды. 2017 жылдан бастап Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының шекара маңындағы аумақтарын дамыту жөніндегі жеке іс-шаралар жоспары бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Көрсетілген өңірлерде байланыс қызметтерімен (мобильді, интернет, пошта) қамтамасыз ету және халыққа қызмет көрсету орталықтарының желісін кеңейту, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік бойынша жұмыстар, шекара маңындағы аумақтарда тіршілікті қамтамасыз етуді жақсартуға және өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған басқа да іс-шаралар жүргізілді, - деді Смайылов.

Ұлттық жоба

Ауылдық аумақтарды дамыту басым міндет болғандықтан «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қабылданды. Жұмыс «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да жүргізіліп жатыр.

Салық заңнамасында экономиканың белгілі бір салаларын, салық төлеушілердің осал санаттарын қай өңірде тұратынына қарамастан дамыту және қолдау үшін берілетін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында арнайы салық режимдері қарастырылған, олар кәсіпкерлер мен мемлекет қажеттіліктерінің теңгерімін ескере отырып үнемі жетілдіріліп отырады, - деп айтты ол.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шағын және орта бизнесті ашу әрі кеңейту үшін жағдай жасауға бағытталған бірнеше міндеттерді біріктірді.

Ұлттық жоба шеңберінде кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау көзделген, бұл ретте кәсіпкердің кредиті бойынша мөлшерлеме жылдық 6%-ды құрайды. Кредиттерге кепілдік беру бойынша мемлекеттік кепілдіктер берілетін кредиттердің сомалары ұлғайтылды. 360 млн теңгеге дейінгі кредиттер бойынша кепілдік мөлшері 85%-ды, 1 млрд теңгеге дейінгі кредиттер бойынша кепілдік 50%-ды құрайды, - дейді Премьер-министр.

Сонымен қатар қолдаудың екі құралы бойынша салалық шектеулер алып тасталды. Бұл шағын және орта бизнеске қызмет түріне қарамастан бағдарламаға қатысушы болып, жеңілдікті қаржыландыру алуға мүмкіндік береді. Жоғарыда көрсетілген өзгерістермен қатар микро және шағын бизнеске микрокредит беру бойынша жаңа бағыт әзірленді. Яғни кредит бойынша ең жоғары сома 5 млн теңгеден аспайды, субсидиялау мерзімі – 2 жылға дейін. Инвестициялық мақсаттарға қарыздың шекті сомасы – 20 млн теңге, субсидиялау мерзімі – 3 жылға дейін.

Кәсіпкерлік бойынша қолдау шараларын іске асыру «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай порталы арқылы көзделген.

Жұмыс күші артық өңірлер мен қандастардан азаматтардың өңіраралық қоныс аударуын ынталандыру жөніндегі шаралар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында көзделген.

Сонымен бірге, жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушылардың еңбек өтілін есептеуге арттыру коэффициентін енгізу және жұмыс күші артық өңірлер мен қандастардан қоныс аударған азаматтарға тұрғын үй сатып алуға және жалға алуға субсидияларды ұлғайту мәселесі қосымша шығыстарды талап етеді және бюджет мүмкіндігін ескере отырып қаралады.

Әлеуметтік қолдау

Ұлттық жоба шеңберінде халықтың еңбек ұтқырлығын арттыру және елдің оңтүстік өңірлерінен азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуын ынталандыру арқылы шекара маңындағы аудандар халқының санын ұлғайту бойынша шаралар қабылданып келеді.

Бұл ретте еңбек ұтқырлығын ұйымдастырудағы негізгі екпін жұмыс берушілерге жүктеледі, олар үшін мынадай тетіктер әзірленеді:

- қоныс аударуға үміткерлерді күрделі, көп сатылы іріктеу алып тасталды;

- электрондық еңбек биржасы арқылы қажетті жұмыс күшін өз бетінше іздеу мүмкіндігі берілген.

Үміткер көшкеннен кейін жұмыс берушіге кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа орналасу шартымен қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК (1,2 млн теңге) мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.

Осы жылы ауылдық жерлерде жалға берілетін үйлер салу кезінде жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тетігі, олардың жалпы ауданы 100 шаршы метрден аспайтын және құны 1 шаршы метр үшін 100 мың теңгеден аспайтын тұрғын үй құрылысына арналған шығыстарын 50%-ға дейін өтеу іске асырылады. Еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударған азаматтарға және шекара маңындағы ауылдық аумақтарға қандастарға отбасы мүшелерінің санына байланысты тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі шығыстарды өтеуге материалдық көмектің мөлшерін ұлғайту мәселесі талдауды талап етеді. Тиісті талдау жүргізілгеннен кейін бұл мәселе шекара маңындағы аумақтарды дамытудың жаңа тәсілдерінің ұсыныстарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы шеңберінде пысықталады, - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Қабылданып жатқан шаралар халықтың солтүстік өңірлерге, оның ішінде шекара маңындағы аумақтарға еңбек ұтқырлығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта шекара маңындағы аудандарды дамыту жөніндегі шаралар кешенінің жобасы әзірленуде, онда инфрақұрылымды жақсарту, жұмыспен қамтуды арттыру, инвестициялық жобаларды іске асыру, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды, шекара маңындағы сауданы дамыту жөніндегі мәселелерді шешуге бағытталған нақты іс-шаралар және шекара маңындағы аумақтарда тұратын халықтың өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі басқа да іс-шаралар қамтылады.

Өзгелердің жаңалығы