Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шарын шатқалындағы қайғылы оқиға бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасы Есенғазы Иманғалиев айтты.
Біз қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. 29 мамырда бала мен мұғалімнен айырылып қалдық. Бұл оқиға бойынша комитет жанында «Бала қорғау» телеграм-чаты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ қазір тергеу шаралары жүріп жатыр. Біз Алматы облысы полиция департаментінің мәліметі бойынша, экскурсияны «Раджаби» ЖШС турагенттігі ұйымдастырғанын ғана айта аламыз. Құрамында Алматы қаласының №199 мектебінің 5-сыныбының сегіз оқушысы, бес ата-ана және үш мұғалім болған. Бұл іс-шараның барлығы мектеп әкімшілігімен келісілмеген, - деді комитет төрағасы Есенғазы Иманғалиев.
Иманғалиев демалыс және экскурсияны өткізу бойынша әдістемелік құралдарға сәйкес қауіпсіздік техникасы ережелері, сондай-ақ балалар тобын ертіп жүруіне арналған нұсқаушылар қарастырылатынын айтты.
Сонымен қатар оның айтуынша, қайғылы оқиғаға байланысты министр ВАК-тың кезектен тыс отырысы өтетінін мәлімдегенін айтты.
Еске сала кетейік, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болып, 1 адам із-түзсіз жоғалғаны туралы хабарланған болатын.
Ал 30 мамырда еліміздің Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім еткен еді. Артынша жоғалған қыздың табылғаны хабарланған.