Серік Жұманғарин шаруалардың қаржыға қол жеткізуін барынша жеңілдету қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
5 маусымда Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін фермерлерге жеңілдетілген қаржы беру кезінде кепіл саясатын жұмсарту мүмкіндіктері талқыланды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, бүгінде «Агрорлық несие корпорациясы» АҚ, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ және Halyk bank-пен бірлесіп 444,5 млрд теңге сомасына жеңілдетілген қаржы беру үшін АӨК саласындағы 90 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Бұл ет, сүт, астық өңдеу, жылыжай шаруашылығын дамыту сияқты мемлекет үшін басым бағыттар бойынша өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беретін жобалар. АНК-те несие сомасы 81,2 млрд теңгеге 43 жоба, ҚДБ-да 285 млрд теңгеге 14 жоба, Halyk bank-те 78,3 млрд теңгеге 33 жоба бар.
Алайда, қаржыландырудың белсенді қарқыны кезінде несие алу үшін кепілдің болмауы шаруалар үшін айтарлықтай кедергі болып отыр.
Біз «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Қазақстанның экспорттық несие агенттігіне кепілдік беру мүмкіндіктерін қарастыру үшін жобалар тізімін жібердік. Кепілдік жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қоры фермерлердің АНК және екінші деңгейлі банктердегі несиелерінің 85%-ына дейін кепілгер болады. Ал ЭНА өңдеуші сектордағы экспорттаушы кәсіпорындарға сақтандыру бойынша қолдау көрсетеді. «Даму» кепілдеме құралы фермерлерге жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша несие алуға айтарлықтай ықпал етеді. Алайда «Дамудағы» құжаттық қайшылықтар мен ЭНА-дағы жоғары тарифтерге байланысты фермерлерге несие беруді қиындататын кедергілер туындайды, — деп атап өтті Ербол Тасжүреков.
Вице-премьер де шаруалардың қаржыландыруға қол жеткізуін барынша жеңілдету қажеттілігі туралы мәлімдеді.
Біз шаруалардың қаржыландыруға қолжетімділігін барынша жеңілдетуіміз керек. Үкімет шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына қаржыны Ауылшаруашылық кооперативі арқылы алуға мүмкіндік беретін шараларды қазірдің өзінде қолға алып жатыр. Сондықтан енді шаруаларға қолайлы, қаржы институттары үшін қауіпсіз тетіктерді бірлесіп әзірлеуіміз керек. Экспорттық несие агенттігі ауыл шаруашылығының басым жобалары үшін тарифтерді төмендету мүмкіндігін қарастыруы қажет. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларға кепілдік беру бағдарламасы бойынша қаражат бөлудің нұсқаларын әзірлесін, — деп түйіндеді жиынды Серік Жұманғарин.