Шаруалар құрғақшылыққа орай төтенше жағдай жариялауды сұрайды

22 Маусым 2023, 13:12
773
Бөлісу:
Шаруалар құрғақшылыққа орай төтенше жағдай жариялауды сұрайды

Ертіс өңірінің шаруалары құрғақшылыққа орай төтенше жағдай жариялауды сұрап жатыр. Фермерлер қысқы мал азығын әзірлей алмаймыз деп алаңдаулы, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Биылғы жаз төрт түлігін өсірген шаруалардың мазасын қашырды. Көктемде Ертіс өзенінің жайылымы небары 30%-ға жайылды. Салдарынан шабындық жерлердегі шөп шығымы төмен. Малды қыстан аман алып шығып, азықпен қамту мақсатында арнайы комиссия да құрылды.

Шаруа қожалығының басшысы Раушан Байдүйсенованың айтуынша, қатты жем-шөп әзірлейтін шаруашылықтар үшін субсидиялау бағдарламасы бар. Бірақ, бұл көмекке тек ірі кәсіпорындар ие. Ал мал саны аз фермерлер қолдаусыз қалады. Раушан Байдүйсенова бүгінде жұмыс комиссиясының мүшесі. Шаруашылығы Аққулы ауданында орналасқан.

Тәжірибе көрсеткендей, құрғақшылық үшінші жыл қатарынан жалғасып келеді. Малды азықсыз қалдырмау үшін шаруашылықтар көпжылдық шөп өсіру керек. Мәселен, жеті жыл өсірілетін еркекшөп үшінші жылы жақсы өнім береді. Сондықтан, 100-ден артық мал ұстайтын шаруаларға субсидия бөлу керек. Осындай шаруашылықтарда техника да бар. Осындай аймақтық бағдарлама болған. Бірақ, екі жыл ішінде нәтиже бермеді. Менің шаруашылығымды 200-ге жуық қара мал бар. Бізге кезінде қолдау көрсетіледі. Ал ұсақ шаруашылықтарда азық болмаса, төрт түлігін союға мәжбүр болады, - дейді Раушан Байдүйсенова.

Ауыл шаруашылығының өзекті мәселесі аймақтық кәсіпкерлер палатасында талқыланды. Өңірдің шаруашылықтарына бір жылда 1 миллион тоннадан астам шөп керек.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожиновтың айтуынша, өңірде құрғақшылыққа байланысты шаруаларға субсидия беріледі.

Ертіс суының аз жайылуына байланысты Павлодар, Аққулы, Май, Железин аудандары зардап шегіп отыр. Өзен жайылымының 50-60%-на су жетпеді. Біз мал азығын өндіру бойынша субсидиялау бойынша дайындалып жатқан бағдарлама жобасына өзгерту енгізуді ұсындық. Нақтырақ айтқанда, су аумақтарға кем дегенде 40%-ға жайылса, субсидия беру мәселесін көтеріп отырмыз. Әзірге ресми жауап жоқ. Қазіргі уақытта 600-ден астам мал басы бар сүт өндірушілеріне 2 млрд теңге көлемінде субсидия қарастырылған, - дейді Серік Батырғожинов.

Шаруалардың айтуынша, бұл сома тым аз. Құрғақшылық салдарынан ұсақ шаруашылықтар бірінші кезекте зардап шегеді. Бүгіннің өзінде Май ауданының тұрғындары дабыл қағып отыр. Төрт түліктен нәпақа тауып жүрген халық азық болмаса, малды союға мәжбүр болмақ.

Өзгелердің жаңалығы