Шардара СЭС-інде жаңғырту жұмыстары аяқталды

6 Қазан 2020, 12:34
2437
Бөлісу:
Шардара СЭС-інде жаңғырту жұмыстары аяқталды

Алматы, BAQ.KZ. «Самұрық-Энерго» АҚ Шардара СЭС-те жаңғырту бағдарламасын толық аяқтағанын мәлімдеді. 

Жалпы құны 38 млрд теңгелік жоба аясында стансадағы төрт гидроагрегаттың бәрі де ауыстырылған. Жаңа гидроагрегаттар су электр стансасында электр өндіруді жылына 480-нен 537 млн кВт сағатқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.  

Құрылысты австриялық-германиялық Andritz Hidro GmbX компаниясы жүргізді. Ауқымды қайта құру СЭС-тің қуаттылығын 100 МВт-тан 126 МВт-қа арттырды. Қазақстандық электр энергетикалық холдинг мамандарының сөзінше, бұл жоба энергия тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысын электр энергиясымен қамтамасыз етуде және өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда үлкен маңызға ие, - делінген хабарламада. 

«Самұрық-Энерго» АҚ-ға тиесілі Шардара СЭС-і 1967 жылы пайдалануға берілді, белгіленген қуаттылығы 100 МВт және төрт гидроагрегаты бар. 

Норматив бойынша қызмет ету мерзімі 25 жыл болса, станса 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді, бұл оның технологиялық жабдығы 100%-ға тозуына әкеп соқтырды. 

Су стансасында орнатылған электр жабдығының бір бөлігін оны жасаған зауыттар қазір шығармайды және өндірістен алып тастаған. Жүргізілген жаңғырту жұмыстары су стансасының қызмет ету мерзімін 35-40 жылға дейін ұзартады, сондай-ақ, СЭС-ті пайдалану сенімділігін арттырып, авария деңгейін төмендетеді.

Өзгелердің жаңалығы