Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Шаққалиев Конституция жобасының бизнеске әсерін түсіндірді

Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Елімізде Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясы жобасын талқылау аясында маңызды әрі мазмұнды қоғамдық диалог жүріп жатыр. Бұл – формалды үдеріс емес, мемлекеттің қоғаммен бірге ел болашағы жөнінде жүргізіп отырған ашық әрі жауапты пікір алмасуы. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрдің айтуынша, азаматтардың өз ұстанымдарын белсенді білдіріп, ұсынылып отырған өзгерістерді әлеуметтік желілерде, қоғамдық алаңдарда және кәсіби ортада кеңінен талқылауы қоғамның саяси және азаматтық тұрғыдан кемелденгенін, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын айқын көрсетеді.

Арман Шаққалиев «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы билік тармақтары арасындағы орнықты тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, саяси жүйенің тұрақтылығы мен болжамдылығын қалыптастыратынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл сауда және кәсіпкерлік саласы үшін стратегиялық маңызға ие.

Министр мемлекеттік басқарудың теңгерімді жүйесі инвесторлардың сенімін арттыруға, шағын және орта бизнестің орнықты дамуына, сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейтуге және сауда нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасайтынын жеткізді. Мемлекеттік саясаттың болжамдылығы қолайлы іскерлік ахуалды қалыптастырудың және ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі екені айтылды.

Сондай-ақ, жаңа редакциядағы Конституция сау әрі бәсекеге қабілетті экономиканың іргетасын құрайтын базалық қағидаттарды одан әрі нығайтатынына назар аударылды. Жаңартылған Конституцияның өзегінде адам, оның құқықтары мен бостандықтары тұрғаны ерекше аталып өтті. Меншік құқығын қорғау, әділдік, заң мен тәртіп қағидалары ең жоғары құқықтық деңгейде бекітілетіні айтылды, - деді министр.

Министрдің пікірінше, бұл инвестициялық ахуалға, экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне және азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.

Арман Шаққалиев бизнес үшін ерекше маңызды бірқатар негізгі ережелерге де тоқталды. Атап айтқанда:

– инновациялық бизнес, креативті индустриялар және экспортқа бағдарланған компаниялар үшін аса маңызды зияткерлік меншікті қорғау;
– азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің жағдайын нашарлататын заңдарға кері күш беруге тыйым салу;
– цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын конституциялық деңгейде бекіту.

Оның айтуынша, бұл электрондық коммерцияны, цифрлық сауданы және технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Министр Қазақстан дәстүрлі түрде ынтымақтастық пен халықаралық интеграцияға бағдарланған ашық экономика ретінде қалыптасқанын атап өтті. Конституцияда орнықты даму қағидаттарын, халықаралық нормалар мен шарттық міндеттемелерді құрметтеуді бекіту Қазақстанға жауапты әрі болжамды серіктес ретінде деген сенімді нығайта түсетінін жеткізді.

Түптеп келгенде, Конституцияны жаңарту абстрактілі тұжырымдар жиынтығы емес, бизнес пен ұлттық экономиканың орнықты дамуына арналған берік құқықтық негіз. Бүгін бізде еліміздің одан әрі өркендеуі үшін сенімді әрі ұзақмерзімді іргетасты бірлесе қалыптастыруға бірегей мүмкіндік бар, – деп жазды Арман Шаққалиев.

Өзгелердің жаңалығы