Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова онлайн брифинг барысында түлектердің жоғары оқу орнына түсер кезде неге баса мән берулері керектігі жайында және "шаңсорғыш" деп атап кеткен университеттер туралы айтып берді.
Жоғары оқу орнына қабылдау енді басталады. ҰБТ жүргізіледі. Сондықтан болашақ мамандықты, ЖОО таңдаған кезде қателеспеу өте маңызды. Өздеріңіз білетіндей, келесі жылдан бастап ЖОО мемлекеттік емес, өз үлгісіндегі дипломдарын беретін болады. Сондықтан келешекте түлек ЖОО бітіріп, қалай жұмысқа орналасады, еңбек нарығында өзін қалай табады деген сұрақтар өте маңызды, - дейді Гүлзат Көбенова.
Оның айтуынша, министрлік жыл сайын үздік ЖОО рейтингін жүргізуде.
Министрлік өз тарапынан үшінші жыл қатарынан "Атамекен" ҰКП-мен бірлесе отырып, ЖОО рейтингісін жүргізіп отыр. Былтыр бұл рейтинг 109 ЖОО арасында өткізілді. Ондағы негізгі критерийлер – түлек ЖОО-ны аяқтаған соң қаншалықты тез жұмысқа орналасады, қаншалықты оған сұраныс бар, қай уақыттың ішінде жұмысқа орналасты. Тапқан жұмысының орташа жалақысы қандай? Мысалы өткен жылды қарайтын болса, түлектердің жұмыс іздеуінің орташа уақыты – 3,5-5 айға дейін созылған. Ал орташа жалақысы 103 мың теңгені құраған. Жұмысқа орналасу бойынша қарайтын болсақ, 61 ЖОО түлектерінің 50 пайызға жуығы жұмысқа орналасқан. Ал жыл соңына дейін олардың саны 74 пайыздан асқан. Өкінішке қарай, рейтингтің ең төменгі орындарында тұрған ЖОО-лар жылдан жылға қайталанады. Бұл ретте талапкерлер министрлік пен ҰКП сайтынан осы университеттердің тізімін қарауларына болады. Мысалы, аутсайдер ЖОО бар. Ақтау гиманитарлық-техникалық университеті, Орталық Азия университеті, Астана университеті, Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университет, SilkWay халықаралық университеті. Жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен болған университеттер бар. Олардың қатарында Орталық Қазақстан академиясы, Сапарбаев атындағы институт, Мирас университеті, Сырдария университеті және басқа да университеттер, - дейді комитет төрағасы.
Сондай-ақ, Гүлзат Көбенова "шаңсорғыш" аталып кеткен ЖОО-мен министрлік күресуді көздеп отырғанын жеткізді.
Өздеріңіз көріп жүргендей, кейбір ЖОО "шаңсорғыш" деп аталып кеткен. Не себептен? Себебі бұл ЖОО-ға басқа ЖОО-дан не шетелдік ЖОО-дан ауысып келіп жатқан студенттер өте көп. Сондай университеттер қатарында Қазақстан инновациялық және телекоммуникалық жүйелер университеті, Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университеті бар. Бұл ретте министрлік өз тарапынан мұндай ЖОО-мен күресуді көздеп отыр. Ағымдағы жылы Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университеті лицензиясынан айырылды. Бүгінгі таңда 2 университеттің лицензиясы уақытша тоқтатылды. Олар – Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы және Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы. Кейбір ЖОО лицензияның қосымшаларынан айырылды, - деді ол.
Ал Талдықорғандағы Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы өз еркімен лицензиясын осы оқу жылы аяқталған соң қайтарған.
Министрлік 17 ЖОО-да жоспардан тыс тексеріс жүргізуді бастады.
Ең басты мәселе – ЖОО қаншалықты сапалы білім беру бағдарламаларын дайындайды. Осы білім беру бағдарламасын аяқтап шыққан соң, түлек қаншалықты жұмысқа орналасады, сұранысқа ие болады. Осы орайда, 5 маусымда ЖОО қойылатын біліктілік талаптарына өзгерістер енгізілді, - деді Гүлзат Көбенова.
Сондай-ақ, соңғы жылдары педагог мамандарды даярлауға талаптар күшейтілуде.