Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Шаммен отырған күндеріміз болды". Мыңға жуық атыраулық баспана мәселесінен мезі болған

4 Сәуір 2025, 13:33
941
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Атырау қаласындағы су жаңа тұрғын-үй кешенінің коммуналдық мәселелері халықты қажытқан. “K7 Group” компаниясы салған баспанада күнара жарық пен сусыз қаламыз деп ашулы жұрт. Жауаптылардың талаптарына құлақ асып, қолғабыс еткендерін қалайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 


Тұрғындардың алды бұл кешенге қоныстанғалы 3 жылға жуықтапты. Әу баста үйдің жарнамасына, жобасына сеніп сатып алған. Бірақ қуаныштары ұзаққа созылмады. Қараша 3 күн қатарынан жарықсыз отырған күндер де болған. Су мен кәріз жүйесінің кемшілігі тағы бар. 

Осында келгенімізге 2-3 жылдай уақыт болды. Күнара бір проблема. Бір күн су жоқ. Екінші күні жарық жоқ болып қалады. Әсіресе демалыс күндері қиындап кетеді жағдай. Қазақ болғасын қонақ шақырамыз. Өткенде үйге қонақ келгенде сусыз қалдық. Шаммен отырған күндеріміз болды. Айтып шаршадық бәрін. Коммуналдық қызмет үшін ай сайын 25 мың, 37 мың ақша төлейміз. Бірақ дұрыс қызмет көрсетілмейді. Сонда не үшін төлейміз ақшаны. Балалардың сабағына да қиындық келтіреді. Жарық өшкенде, жеделсаты да тоқтап қалады. Өткенде ішінде солай адам тұрып қалды. Осыны реттеп берсе екен дейміз, - дейді қала тұрғыны Тәрбие Ғұсманова.

Осы уақытқа дейін компания басшылығымен бірнеше рет жиналыс өткізген. Бастықтары мен мамандары сылдыр сөзге сендіріп, шығарып салатын көрінеді. 

Мен өзім былтыр көшіп келдім. Үлкен проблема болып тұр біз үшін. Жарықсыз отырамыз. Ол сөнгенде су да өшеді. Ыстық су да, салқын су да болмай қалады. Дренаждар дұрыс салынбаған. Жаңбыр жауғанда есік алды көл сияқты болып кетеді. Жүру мүмкін емес. Кәріз жүйесінің де мәселесі сол. Жарық сөнгенде қанша техника күйді. Оның бәрін ешкім өтеп жатқан жоқ. Тым болмаса осы үйді реттеп берсін. Біз соны талап етеміз. Тіпті үкіметтегілерге дейін хат жазды электронды өтініш арқылы. Бәрі жақсы, бәрі жоба бойынша жасалған дей салған, - дейді тұрғындардың бірі Жұмагүл Ерниязова.

Бұқара базынасын тыңдауға келген директордың өзі барынша ақталуға тырысып бақты. Мұндай проблема қаладағы кез-келген үйде бар деп міз бақпады. Ал коммуналдық мәселелерді шешуден ешқашан қашпапты. Түнгі уақытта шығатын мәселелерді де қалыпқа келтіреміз дейді. Бәрін уақытында реттеп отырғанын айтады. 

Проблема бар. Бірақ бәрін уақытында реттеп жатырмыз. Біз ешқайда кеткен жоқпыз. Кеңсеміздің өзі осы маңда. Ондай жағдайлар жиі қайталанбасын деп, шаралар қолданудамыз. Ондай проблема тек бұл үйде емес, қаланың барлық жерінде бар ғой. Ол авариялық жағдайлар. Біз тұрғын-үй кешенін тапсырып тастасақ та, кепілдік мерзімі өтсе де біз бүгінге дейін жарықтың, газдың, кнс қызметінің ақшасын төлеп келе жатырмыз. Құжатын бәрін көрсете аламын. 150 млн ақша төледік. Әкімдіктің балансына ауыстыру мәселелерін қарап жатырмыз, - дейді “К7 GROUP” компаниясының директоры Тимур Өтемұратов. 

“К7 GROUP” компаниясы заңгерінің сөзінше, тұрғын-үй кешенін әкімдіктің теңгеріміне беру үшін бірнеше рет хат жолданған. Жергілікті атқарушы билік қабылдамай отыр екен. Бірақ кемшіліктің кімнен екенін қос тарап та жақ ашып айтқысы келмеді. Тұрғындар болса қызмет алатын желілердің тезірек әкімдікке берілгенін қалайды.

Кездесуге келе сала шикіліктерді қалыпты жағдай санаған компания басшысы бәрін алдағы 1 ай көлемінде біржақты етеміз деп уәде берді. Ал халық бұлай жалғаса берсе сотқа шағымданудан тайынбаймыз деген ұйғарыммен тарады. 

Тұрғындар қоныстанбас бұрын кешенді толық тексеруге міндетті бөлім жауаптылары, баспананың қалай қабылданғанына қатысты мардымды жауап бере алмады. Мемлекеттік қызметкерлер мәселені біріне-бірі сілтей салды. Тіпті қараша жиналғанда келіп, талаптарын тыңдауға да жарамады. 

Айта кетсек, K7 Family тұрғын-үй кешенінде 12 блок бар. Онда 1 мыңға жуық адам тұрады.

Өзгелердің жаңалығы