Шамалғандағы апат: 20 адамның 16-сы автобустан шығып үлгерген

16 Қыркүйек 2019, 13:21
2135
Бөлісу:
Шамалғандағы апат: 20 адамның 16-сы автобустан шығып үлгерген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Шамалғандағы апат жайлы осындай ақпаратымен бөлісті.

«Мәселенің мән-жайы анықталып жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, автобус кептелісте тұрып қалған. Жүргізуші пойызды көріп, артқы есігін ашқан. Бастапқыда көлікте 20 адам болған. 16 адам автобустан сыртқа шығып үлгерген. Апат кезінде көлік ішінде 4 адам қалған. Жүргізуші және бір әйел екі баласымен. Автобус жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Қалған үш адам Қарасай аудандық ауруханасында ауыр халде жатыр. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салуда. Оқиға орнында тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 344 және 345 бабымен іс қозғалды», - деді Ерлан Тұрғымбаев ОКҚ брифингі барысында. 

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, 1990 жылғы автобустың техникалық тексеріс мерзімі биылғы жылғы 16 шілдеде өтіп кеткен. Тасымалдаушы: «Қаскелең автобус паркі» ЖШС. 

Бұған дейін Роман Скляр жарақат алғандардың кім екенін атап өткен еді. Сондай-ақ, теміржол өткелі талапқа сай толық жабдықталғанын хабарлаған болатын.

Атап өтсек, кеше Алматы облысы Шамалған станциясында «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызы мен «Алматы - Шамалған» бағытындағы автобус соқтығысты. Апат түсірілген видео да жарияланды. Бейнежазбадан шлагбаум алдында көліктер ұзын-сонар кезекте тұрғанын көруге болады. Осы сәтте жолаушылар пойызы келіп автобусты қағады. 

ҚТЖ басшысының кеңесшісі Руслан Иманқұловтың мәліметіне сәйкес, автобус жүргізушісі сигналды елеместен пойыз жүретін жолға шығып кеткен. 

Жол көлік оқиғасынан 1 адам мерт болып, 9 адам жарақаттанған. Қаза болған - автобус жүргізушісі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған автобус жүргізушісінің туыстарына көңіл айтты. Ал Ішкі істер министрлігі 3 жолаушының аудандық ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.

Одан кейін қайтыс болған жігіт 1979 жылғы екені белгілі болды. 2014 және 2016 жылғы балалар мен 33 жастағы әйелдің Қарасай аудандық емханасының жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқаны да анықталды.

Кейін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жолаушылар пойызының машинисі жедел тежегішті іске қосқанымен, арақашықтықтың аздығынан қақтығыстың алдын ала алмағынын мәлімдеді.


Өзгелердің жаңалығы