Шалғай ауылдарды газбен қамту жұмысы жалғасып жатыр – әкім

11 Қараша 2021, 20:04
1105
Бөлісу:
Шалғай ауылдарды газбен қамту жұмысы жалғасып жатыр – әкім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.

Ол облыстағы шалғайда жатқан ауылдар қашан газбен қамтылады деген тілші сұрағына жауап берді.

Мен мұны әрқашан мақтанышпен айтамын. Облыстың ең шетінде орналасқан Бақанасты білесіздер ғой, бұл мекенде газ бар. Көшелеріне құбырлар тартылған. Біздің 20 ауданымыздың 15-сіне газ жеткізілген. Бұл істі бастағанда 9-10 пайыз болатын, қазір біз 59 пайызға жеттік. 250 км үлкен магистральді аяқтадық. Бюжеттен 1 млрд астам теңге бөліп, газды Текеліге дейін апардық. Оның арасында қаншама ауылды мекен жатыр, оларды да қамтыдық. Меніңше, бұл мәселелер уақытылы шешімін тауып отыр, - деді әкім.

Сонымен қатар Баталов өз сөзінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4,7 млрд теңге бөлінген. 154 қызметтік автокөлік сатып алынуда, қосымша 250 бейнебақылау камерасы орнатылды, тұрғын үймен біріктірілген төрт учаскелік полиция пункті салынды, 16 жаңа өрт сөндіру бекеті құрылды.

Астана күнінде Талдықорған қаласында Орталық Азияда теңдесі жоқ жабық жүзу бассейнін аштық. Қазір мұнда 1126 бала жүзумен айналысады, қосымша тағы 2 мың бала қабылданады. Бассейн салу - әлеуметтік нысандар құрылысындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігінің жемісі, - деді А. Баталов.



Өзгелердің жаңалығы