Шалабай ауылының тарихы бай, мал шаруашылығы картасында ерекше орын алады - министр

24 Маусым 2022, 16:40
2080
Бөлісу:
Шалабай ауылының тарихы бай, мал шаруашылығы картасында ерекше орын алады - министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Абай облысының Жарма ауданына барып асыл тұқымды малдың материалын криоконсервациялау орталығының құрылысымен танысты.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

«Асыл Түлік» республикалық мал шаруашылығын асылдандыру орталығы мен «Шалабай» қожалығының бірлескен бұл жобасы қазақстандық мал шаруашылығын дамытудағы жаңа белеске айналуы тиіс.

Шалабай ауылының тарихы бай, еліміздің мал шаруашылығы картасында ерекше орын алады. Бүгінде кәсіпорын мал шаруашылығымен айналысып қана қоймай, ұлттық мақтанышымыз - қазақтың ақбас ірі қара тұқымын жаңғыртып жатыр. Ақбастар әртүрлі климаттық жағдайларға жақсы бейімделе алады. Керемет репродуктивті қабілеті, еті мәрмәр, жоғары өнімділікке ие. Тұқым күрт континентальды климат жағдайында өсірілгендіктен, ол қыстың үскірік аязы және жаздың аптап ыстығына да шыдай алады. Бұл тұқымды елдің кез-келген аймағында оңай өсіруге болады, - деп жазды министр.

Өкінішке қарай, 90-шы жылдары бүкіл мал шаруашылығы, соның ішінде ақбас мал айтарлықтай шығынға ұшырады.

Мәселен, 2010 жылға қарай қазақтың ақбас тұқымы 75 мың басқа дейін қысқарды. Бірақ соңғы 10 жылда осы тұқымды өсіретін селекционерлер мемлекеттік қолдаудың арқасында 2021 жылға қарай қазақтың ақбас мал басын 436,8 мың басқа дейін жеткізді. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда «Шалабай» сияқты шаруашылықтардың рөлін ерекше атау қажет. Себебі асыл тұқымды мал зауыты жеке мал иелеріне асыл тұқымды өсіруге көмектеседі, ал олар өз кезегінде оны асыл тұқымды мал бордақылау алаңына сатуға міндеттін атқарып келеді, - деді ол.

Өткен жылы мұнда қазақ ақбас, қалмақ, алатау, әулиекөл, симментал және басқа да тұқымдық бұқалардың ұрығын өндіру міндетімен криоконсервациялау зертханасының құрылысы басталған.

Жақын арада еліміздің шығысында бұл бірегей орталығы ашылады. Осындай жобалардың арқасында біздің мал шаруашылығы өзінің дамуының жаңа деңгейіне шығатынына сенімдімін. Еліміздің шығыс өңіріне жасаған сапарымда жаңадан құрылған Абай облысының фермерлерімен кездесуге де жақсы мүмкіндік туды. Өзекті, саладағы түйткілді мәселелерді бірге ұзақ талқыладық. Мүмкіндігімізше көтерілген барлық сұрақтарға жауап беріп, тиісті нақты ұсыныстарды назарға алдық, - деп жазды министр. 

Өзгелердің жаңалығы