Шәкірт жетістігі ол мұғалімнің мерейі – 42 жыл еңбек еткен ұстаз

28 Қаңтар 2025, 13:45
6772
Бөлісу:
Шәкірт жетістігі ол мұғалімнің мерейі – 42 жыл еңбек еткен ұстаз
PHOTO
Фото: BAQ.KZ

Ұстаз – ұлағатты ұлы есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие мен жақсы қасиеттерді бойына дарытатын қадірлі жандар. Бала жанына нұр сеуіп, санасына сәуле шашатын ұстаздың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі зор. "Жұмысшы мамандықтар жылы" қарсаңында Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Алматы қаласындағы №4 зағип және нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернаттың педагогы, "Еңбек Ері" Гүлжанар Нұрпейісованы әңгімеге тартқан еді.

Шәкірт жетістігі ол мұғалімнің мерейі – 42 жыл еңбек еткен ұстаз
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Ұстаздық қызметке қалай келдіңіз? Бала кезіңізден мұғалім болу арманыңыз болды ма?

- Мектеп табалдырығын аттаған сәттен мұғалім мен үшін биік тұлға саналды. Бастауыш сыныпта білім берген ұстазымның жүріс-тұрысы, айтқан ақылы маған үлгі болды. Баламыз ғой, үйге келген сәтте ойншықтарымды тізіп, қатар отырғызып, өзім мұғалім болып, сабақ өтетін едім. Кейін өсе келе мектебімізге жаңадан келген ұстаздарыма еліктеп, өзімді солардың орнына қойып, сол кісілердей ұстаз болсам деген арман пайда болды. Осылайша, алдыма үлкен мақсат қойып, 1979 жылы мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің математика факультетіне оқуға түстім. Бала күннен бері келе жатқан мақсатымды жүзеге асырдым. Университетті 1983 жылы аяқтап, өзім білім алған "Жәмеңке" орта мектебіне барып, ұстаздық жолымды бастадым.

- Осы салада еңбек етіп жүргеніңізге қанша жыл болды? Қандай бағытта білім бересіз?

- Ауылымда орналасқан "Жәмеңке" орта мектебінде 12 жыл мұғалім болып қызмет атқардым. Одан кейін еңбек жолымды Алматы қаласындағы мектептерде жалғастырдым. Қарап отырсам, бүгінге дейін ұстаздық жолда еңбектеніп келе жатқаныма 42 жылдың жүзі болыпты. Оның ішінде соңғы 26 жылы Алматы қаласындағы №4 зағип және нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатында математика пәнінен сабақ беріп келемін. Біздің мектеп-интернатымыздың 90 жылдық тарихы бар. Жеткен жетістігі, алған асуында әрбір мұғалімнің еселі еңбегі жатыр деп айтсам артық айтпағаным. "Шәкірт жетістігі ол мұғалімнің мерейі" дейді. Бүгінде осы білім ордасында түлеп ұшқан шәкірттеріміз әртүрлі ЖОО-ларды тәмамдап, еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүр. Біз солармен мақтанамыз да, марқаямыз.

Шәкірт жетістігі ол мұғалімнің мерейі – 42 жыл еңбек еткен ұстаз
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Жұмысыңыздың қызықты да қиын тұстарына тоқтала кетсеңіз.

- Мен еңбек етіп жатқан мектеп-интернатында оқулық мәселесі туындаған еді. Себебі біз қолданатын кітаптар – жалпы білім беретін мектепке арналған оқулықтар. Ол оқулық бойынша біздің балаларымызға жұмыс жасау қиынға түсті. Сол себепті біз Әлеуметтік дамыту және еңбекпен қамту орталығымен бірлесе отырып, негізгі пәндер ағылшын тілі, химия, биология пәндерінен оқушылардың оқулықтарын балаларға бейімдеп жасап шығардық. Мен 5-11 сынып аралығындағы математика оқулықтарын көру қабілеті бұзылған балаларға бейімдеп жасадым. Қазір еліміздегі көру қабілеті бұзылған балаларға арналған өзге мектептер де біздің жасаған оқулықтарымызбен жұмыс жасап жатыр. Бұл оқулықтың басты ерекшелігі – жазулары, сандары үш есеге үлкейтілген. Кез келген геометриялық фигуралар, жазулар, суреттері анық, балалар бір қарағанда түсінетіндей етіп жазу-сызуларды реттедік. Бұдан бөлек, көру қабілеті нашар болғандықтан, кейбірінің қабылдайтын, қабылдамайтын түстері болады. Кейбірі ақ пен қараны ғана қабылдайды. Енді біреулері ақ түсті немесе қара түсті ғана қабылдап жатады. Бала бір қарағанда барлық түстерді ажырата алатындай етіп жасалған.

Шәкірт жетістігі ол мұғалімнің мерейі – 42 жыл еңбек еткен ұстаз
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Қазіргі уақытта педагог мәртебесі бағаланып жүр ме?

- Кезінде алаш ардақтысы – Мағжан Жұмабаев айтып өткендей: "Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі". Кезінде, қай бір жылдары педагогтардың мәртебесі түсіп, мұғалімдерге мемлекет тарапынан ешқандай көңіл бөлінбей кеткен кездер болды, талай қиын жағдайды бастан кешірдік. Бес жыл бұрын "Педагог мәртебесі туралы" заңына қол қойылған соң осы іс қайта жанданып, қазір педагог мәртебесі айқындалды. Оған Үкімет тарапынан заң аясында үлкен істер атқарылуда, оны күнде көріп-естіп, бақылап отырмыз. Педагог мәртебесін көтеру туралы заң қабылданған соң, мұғалімдердің жалақысы алғаш рет 25 пайызға, одан кейін 4 жыл көлемінде екі есе артты және білім саласының қызметкерлеріне үлкен жағдайлар жасалып жатыр, еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ ұстаздардың 18 сағаттық жүктемесі 16 сағатқа төмендетілді. Ұстаздардың шамадан тыс есеп беруі азайды, негізсіз тексерулерге тыйым салынды. Соның арқасында мұғалім болам деген жастардың саны артты. Алаңсыз жұмыс істеуге, өз біліктілігімізді арттыруға мүмкіндік молайды. Аталған заң ұстаздарға үлкен серпіліс әкелді. Мұғалім құқығы арнайы заңмен қорғалды. Ұстаздардың қоғам алдындағы еңсесін бір көтеріп тастады десем артық айтпағаным болар. Ұстаз мәртебесі астары тереңде жатқан қадірлі ұғым және қоғам жауапкершілігін анықтайтын өлшем, педагог тұғыры.

Шәкірт жетістігі ол мұғалімнің мерейі – 42 жыл еңбек еткен ұстаз

- "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын алған екенсіз. Бұл дегеніміз 40 жылдан астам уақыт білім саласындағы еңбегіңіздің еленгені. Марапатты алғанда қандай сезімде болдыңыз?

- 42 жыл толассыз еңбегімде осы уақытқа дейін түрлі марапаттарға ие болдым. Ең алғашқысы қарапайым алғыс хаттар, кейіннен Білім министрінің атынан алған құрмет грамотасы. Кейіннен Ы.Алтынсарин атындағы төс белгіні тақтым. Былтыр ғана Республика күнінің қарсаңында толассыз еңбегімді бағалап, Президентіміздің ҚР "Еңбек ері" атағы беріліп, алтын жұлдызбен "Отан" орденінің иегері болдым. Бұл тек маған емес, барлық ұстаздар қауымына көрсетілген құрмет деп есептеймін. Себебі тек мен ғана емес, еліміздің жарқын болашағы жолында қаншама әріптесім шәкірт тәрбиелеп, аянбай еңбек етіп жүр. Әрине, Мемлекет басшысының қарапайым еңбек адамдарын елеп-ескеріп жатқаны үлкен қуаныш сезімін сыйлады. Алдында Президентіміздің өзі "Елімізде еңбекқор әрі кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Мұндай азаматтар мемлекетімізді дамытады" деп айтқаны белгілі. Қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету тек сөз жүзінде қалмай, нақты іске асып жатқаны біздің қоғамға жаңаша леп берді. Адал еңбекте жүрген адамдарға үміт отын сыйлады десем артық айтқандық емес. Шәкірттерімнің саналы білім алып, ұлтжанды азамат болуына қосқан үлесімді мәртебе санаймын.

Шәкірт жетістігі ол мұғалімнің мерейі – 42 жыл еңбек еткен ұстаз
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Қазіргі жас мұғалімдерге қандай кеңестер берер едіңіз?

- Педагогика саласын таңдап келген жас мамандарға айтарым, қажымай-талмай еңбек ете білсеңіз, баламен тіл табыса білсеңіз, шыдамдылық танытсаңыз, ең бастысы – өз ісіңізді жақсы көрсеңіз, абырой-атақ өздігінен келеді. Қарапайым еңбек адамдары еленіп жатқанына қарап, жастар шабыт алады, ерінбей ізденсе, сол еңбектері осы елде еленеді деп ойлаймын. Қазір біз ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бар күш-жігері мен білімін бала тәрбиесіне жұмсаған білікті педагогтың еңбегі ақталады. Жастың аты – жас, жұмысын енді бастаған жас маманға дәл қазір марапат маңызды болуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе оқушылар мен ата-аналардың алғысын естіген кезде ең биік марапат шәкіртіңнің жетістігі екеніне көзің жетеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы