Қарағанды облысы «Қазақстан» шахтасындағы өртке байланысты Шахтинск қаласының Полиция бөлімі ҚР ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, істі Қарағанды облысы Прокуратурасы тікелей бақылауға алған.
Сондай-ақ Полиция бұл факт бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабы 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс тіркелгенін мәлім етті.
Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығы оқиға орнында.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі сәтте апаттан жапа шеккендер саны 8 адамға жетті.
Бұған дейін хабарланғандай, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында ТЖ нәтижесінде зардап шеккен алты адам ауруханаға жатқызылды.
«Қазақстан» шахтасында зардап шеккен екі адам Мақажанов клиникасына жеткізілді. Қабылдау бөлімінің дәрігерлері науқастардың жағдайын тексерді. Алдын ала диагноз – шахта газдарымен жедел ингаляциялық улану, оның ішінде ауыр көміртегі тотығымен улану, токсико-гипоксиялық энцефалопатия, уытты бронхит. Олар реанимация бөлімшесіне жатқызылды, – деді токсикология бөлімшесінің меңгерушісі, Қарағанды облысының бас штаттан тыс токсикологы Сәуле Смағұлова.
Еске сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ КД "Қазақстан" шахтасында көмір еңісінің қазбасында конвейер таспасы өртенген болатын.
Оқиға болған кезде жер астында 227 адам болды, оның 222-сі жер бетіне көтеріліп, 1 адамның мәйіті табылып, 4 адамды іздестіріп жатыр. Зардап шеккен екі адам реанимацияда жатқанын жазған болатынбыз.