Қарағанды сотында Костенко атындағы шахтадағы жарылысқа қатысты қылмыстық істі қарау басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Костенко атындағы көмір шахтасындағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды.
2023 жылғы 28 қазанда жерасты тазарту қазбаларында орын алған қайғылы оқиға нәтижесінде 46 кенші қаза тауып, тағы 28 кенші жарақат алған болатын.
Сот отырысына мемлекеттік айыптаушылар, жәбірленушілер, олардың өкілдері, сотталушылар мен қорғаушылар қатысты.
Еске сала кетейік, қылмыстық істі Бас прокуратура тергеп, нәтижесінде шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлердің қатарынан 10 адам сотқа тартылған болатын.
Барлығына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылды (тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу).
Сотталушылар қамауда. Іс бойынша 74 адам жәбірленуші деп танылды.
Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің "№61 мекеме" РММ ғимаратында қаралады.