Шахматтан әлем чемпионы атағы үшін жарыстың финалдық кезеңі басталды

26 Сәуір 2023, 10:14
977
Бөлісу:
Шахматтан әлем чемпионы атағы үшін жарыстың финалдық кезеңі басталды
Фото: kazchess.kz

Астанада дүбірлі жарыстың 11-ші партиясы ойналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлем чемпионы атағы үшін таласып жатқан Ян Непомнящий мен Дин Лижен финалдық кезеңді бастады. Негізгі матчтың 11-ші партиясы ойналып, ол тең аяқталды.

Өте тартысы өткен бұл ойын 39-шы жүрісте аяқталды. Осылайша Ян Непомнящий басымдығын сақтап қалды, ол жалпы жарыста 6:5 есебімен алда тұр.

Айта кетейік, елордада өтіп жатқан жарыс 14 партиядан тұрады. Алайда ойыншылардың біреуі 7,5 ұпай жинаса, мерзімінен бұрын Әлем чемпионы атануы мүмкін. Ал шахматшылар тең түссе, жеңімпаз жылдам шахмат бойынша плей-оффта анықталады.

Ян Непомнящий шахматтан әлем чемпионы атағы үшін осымен екінші рет таласып жатыр. Екі жыл бұрын ол норвегиялық Магнус Карлсенге жеңіліп қалған еді. Ал Дин Лижен чемпиондық тәж үшін бәсекеге түсіп жатқан алғашқы қытайлық шахматшы. Жарыстың жүлде қоры 2 миллион доллар, оның 60 пайызын жеңімпаз, ал 40 пайызын 2-ші орын алған шахматшы алады.

Еске сала кетейік, 7 сәуірде Астанада шахматтан әлем чемпионы атағы үшін жарыс басталды.

Өзгелердің жаңалығы