Шахматтан әлем чемпионы атағы үшін жарыстың аяқталуына 6 партия қалды

21 Сәуір 2023, 12:20
782
Бөлісу:
Шахматтан әлем чемпионы атағы үшін жарыстың аяқталуына 6 партия қалды
Фото: kazchess.kz

Астанада өтіп жатқан әлемдік турнирде 8-ші партия ойналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлем чемпионы атағы үшін Ян Непомнящий мен Дин Лижен арасындағы бәсеке қыза түсті. Шахмат тақтасында алғаш рет Нимцович қорғанысы ойналды.

Бұл жолы ақ фигуралармен ойнаған Лижен барынша шабуылдауға тырысты. Алайда Непомнящийдің қорғанысы берік болды. Сөйтіп 4,5 сағатқа созылған қарқынды ойын тең түсті.

Осылайша 4,5:3,5 есебімен Ян Непомнящий алда тұр. Жалпы турнир аяқталғанға дейін тек 6 партия қалды.

Айта кетейік, елордада өтіп жатқан жарыс 14 партиядан тұрады. Алайда ойыншылардың біреуі 7,5 ұпай жинаса, мерзімінен бұрын Әлем чемпионы атануы мүмкін. Ал шахматшылар тең түссе, жеңімпаз жылдам шахмат бойынша плей-оффта анықталады.

Ян Непомнящий шахматтан әлем чемпионы атағы үшін осымен екінші рет таласып жатыр. Екі жыл бұрын ол норвегиялық Магнус Карлсенге жеңіліп қалған еді. Ал Дин Лижен чемпиондық тәж үшін бәсекеге түсіп жатқан алғашқы қытайлық шахматшы. Жарыстың жүлде қоры 2 миллион доллар, оның 60 пайызын жеңімпаз, ал 40 пайызын 2-ші орын алған шахматшы алады.

Еске сала кетейік, 7 сәуірде Астанада шахматтан әлем чемпионы атағы үшін жарыс басталды.

Өзгелердің жаңалығы