Қазақстанның бірнеше мектеп командасы шахматтан әлем чемпионатында қанжығасына медаль алуға үмітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтауда шахматтан мектеп командалары арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Үшінші ойын күні 5-ші және 6-шы турлар аяқталды. 12 жасқа дейінгі кіші топта Үндістан командасы барлық матчтарда жеңіске жетіп, үстемдік орнатты.
Екінші орында Львов қаласынан келген украиналық шахматшылар тұр, бірақ басымдық әзірше соншалық айқын емес. Күміс медаль тағуға тағы алты команда таласа алады, оның төртеуі - Қазақстан командалары. Олар - Астана қаласының Республикалық физика-математика мектебінің, Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 лицейінің оқушылары, тиісінше үшінші және төртінші орындарда тұр. Сондай-ақ Шымкент қаласының №9 IT-лицейі мен Астана қаласының №72 мектебі, сәйкесінше 7-ші және 8-ші орындарға орналасқан.
Стамбулдық ENKA мектебінің оқушылары соңғы екі турда негізгі бәсекелестерімен текетіресте екі аса маңызды жеңіске жетіп, чемпионаттың ересек оқушылар тобында өздеріне алтын медаль алатын жағдай жасап қойды десе де болады. Күміс және қола медаль оннан астам команда арасында таласқа түседі, бірақ Үндістанның оқушылары ең қолайлы жағдайға ие, екінші болып келе жатыр. Алматылық РФММ командасының да мүмкіндігі бар, бірақ көп нәрсе бәсекелестердің қалай ойнайтынына байланысты. Қазір Қазақстан командасы 7-ші орында тұр.
Еске сала кетейік, турнирге әлемнің 53 үш елінен 400-ден астам оқушы қатысып жатыр. Қазақстан атынан алты қаланың – Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент және Павлодар қалаларының 10 мектебі қатысып жатыр.
Мектеп командалары арасындағы шахматтан әлем чемпионаты 7 тамызға дейін жалғасады. Турнирді Халықаралық және Қазақстан Шахмат Федерациялары Маңғыстау облысы әкімдігінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.