Ақмола облысынан сапарға шыққан «Шахмат керуені» Петропавлға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жобаның басты мақсаты – еліміздің барлық аймақтарында интлеллектуалдық спорт түрін дамыту. Шара барысында Солтүстік Қазақстан облыстық шахмат федерациясының тұсауы кесіліп, турнир ұйымастырылды. Облыстық сайыстың жеңімпазы Түркістан қаласында өтетін гранд-финалға жолдама алды
Қызылжарлықтар «Шахмат керуенін» әдемі концертпен қарсы алды. Керуеннің идеясына саудамен қатар түрлі халықтардың мәдени және спорттық мұрасын таратқан Ұлы Жібек жолы түрткі болды дейді ұйымдастырушылар. Өңірлік шахмат федерациясының тізгіні облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановқа тапсырылды.
Эстафетаны біз жалғап отырмыз. Солтүстік Қазақстанда 5 мың адам шахматпен айналысады. Оның 3500-і ауыл тұрғыны. Жастардың осы спортпен шұғылдануына жағдай жасауымыз керек. Бүгін ашылып отырған федерацияның басты мақсаты да осы, - дейді СҚО шахмат федерациясының төрағасы Рүстам Құрманов.
Орталық алаңда киіз үй тігіліп, жылдам шахматтан турнир ұйымдастырылды. 20 ойыншы бағы мен бабын сынға салды. Іріктелген үш жеңімпаз 10 қараша күні Түркістан қаласында өтетін кездесуде облыс намысын қорғайды. Солардың бірі Александр Вьюниченко. Бас жүлдеге 5 млн теңгенің сыйлығы тігіліп отыр.
Шахмат керуенінің» келуі – Петропавл қаласы үшін үлкен жаңалық. Бұған дейін спорттың бұл түріне осынша жағдай жасалған жоқ деп ойлаймын. «Фридом финанстың» қолдауы зор екені сезіліп тұр. Түркістанда кіл мықтылар кездеседі. Намысты қолдан бермеуге тырысамыз, - дейді ол.
Бұдан кейін Керуен Қостанай, Қарағанды қалаларына аттанады. 30 адамнан құралған топ бір айда 14 мың шақырымды еңсермек. «Шахмат керуені» 10 қарашаға дейін еліміздің барлық өңірлерін аралап шығады.