Шахаров: Санға емес, сапаға жұмыс істеу керек

25 Желтоқсан 2023, 18:43
661
Бөлісу:
Шахаров: Санға емес, сапаға жұмыс істеу керек
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында «Ауыл аманаты» жобасы мен 2024-2027 жылдары облыс аумағында су қоймаларын салу жобасының іске асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс басшысы «Ауыл аманаты» жобасы өзінің тиімділігін дәлелдегенін алға тартты. Жоба аясында ауылдық жерлерде 1200-ден астам жұмыс орны құрылған. Шағын шаруашылықтарды қолдау ауылдың дамуы үшін өте маңызды. Осыған байланысты жобаны белсенді іске асыру 2024 жылы жалғастырылуы тиіс.

Мемлекет басшысы жақында өткен «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде ауылды жан-жақты дамыту – маңызды міндет, түптеп келгенде, ауылды дамыту – бүкіл елді дамыту екенін атап өтті. Президент ауыл тұрғындары үшін шағын несиеге 100 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Біз жобаны 2024 жылы да тиімді іске асыруды қамтамасыз етуіміз керек. Бірақ, асығыстық танытпаған жөн. Барлық жоба жан-жақты қаралып, әрбіріне бөлінетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуы расталуы тиіс, - деді Асхат Шахаров.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай бүгінгі таңда Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 7,5 млрд теңгеге 1655 жоба мақұлданғанын мәлімдеді. Нәтижесінде 676,4 тонна құс еті, 482 мың дана жұмыртқа өндірілді, 93 жылыжай салынды, қайта өңдеу саласында 304 жоба іске асырылды (ет және сүт өңдеу цехтары, наубайханалар мен кондитерлік дүкендер). 1210 жаңа жұмыс орны құрылды, 1062 жаңа жеке кәсіпкер тіркелді. Бұдан өзге, «Ауыл аманатымен» кепілді мүлкі жоқ аз қамтылған көпбалалы отбасыларды қолдау үшін тауарлы несие беру тетігі енгізілді. Осылайша, 209 шаруа қожалығының қолдауымен 339 отбасына 4,8 мың бас мал берілді.

Су ресурстарын сақтау бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов айтып берді. Жерүсті суларының қорларын ұлғайту мақсатында Ақтөбе облысының суару жүйелерін қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленуде, оның аясында 22 су қоймасы салынбақ. Бұл жобалар 491,62 млн текше метр суды үнемдеуге, суару алаңын 52 235 гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 7 су қоймасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді.

Сонымен қатар, коммуналдық меншіктегі 21 бөгетті кезең-кезеңімен жөндеуге қатысты жол картасы жасалады.

Өңір басшысы аталған жобалардың маңыздылығын атап өтіп, санға емес, сапаға жұмыс істеуді, уәкілетті органдарға оларды іске асырудың барлық кезеңдерін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы