Қызылорда облысындағы шағын және орта бизнес субъектілерінің 86%-ы жұмыс істеп тұр

26 Мамыр 2019, 12:13
2190
Бөлісу:
Қызылорда облысындағы шағын және орта бизнес субъектілерінің 86%-ы жұмыс істеп тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі таңда өңірде 51385 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның ішінде 44083 немесе 85,7%-ы жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1741 бірлікке артты. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылорда облысы әкімдігінде өңірдегі жаппай кәсіпкерлікті дамыту қорытындысы бойынша мәжіліс өтті. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Мәселен, Қармақшы ауданында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 12 жобаны іске асыру үшін несие беріліп, тағы 6 жоба екінші деңгейлі банктердің қарауында, ал 5 жоба сүйемелдеуге алынған. Ал Шиелі ауданында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 26 жоба ұсынылып отыр. Сонымен қатар, ағымдағы жылы инновациялық бизнес-идеяларды іске асыруға 200 жас кәсіпкер, 200 көпбалалы отбасы және 100 жұмыссызға мемлекеттік гранттар бөлу жоспарлануда.

Аймақ басшысы басты мақсат – жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 14,4%-дан 2020 жылға қарай 20%-ға дейін ұлғайту екенін, сол үшін шағын және орта бизнес саласына инвестиция тартып, жаңа кәсіпорындар ашып, экспорттың үлесін арттыру қажеттігін атап өтті.

«Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнестің үлесі 14,4%-ды құрады. Жыл басынан бері шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1741 бірлікке артты. Бұл ретте 93 мыңнан астам облыс тұрғыны немесе өңірдің экономикалық белсенді жұмыспен қамтылған халқының үштен бірі осы салада жұмысқа орналастырылды. Жыл қорытындысы бойынша шағын және орта бизнесте жұмысқа орналасқандардың саны 95 мың адамға дейін жетуі тиіс», - деді Қырымбек Көшербаев.

Өңір басшысы әрбір әкім өзіне сеніп тапсырылған ауданда, қалада немесе ауылдық елдімекендерде бизнес-жобаларды әзірлеуге және сүйемелдеуге жауапты екенін еске салды.

«Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың тамыз айында өтетін кеңесте қала және аудан әкімдерінің жұмыс қорытындысы бағаланатын болады», - деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы қаржы ұйымдарына құжаттарды қабылдау кезінде қиындықтардың орын алуына жол бермей, өңірдегі жаппай кәсіпкерліктің дамуына барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

Айта кетейік, 2013 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар берілуде. Осы кезге дейін 383 кәсіпкер қайтарымсыз 400 млн теңге грант қаражатын алды. Биыл өңдеуші өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында Үкіметпен бірге «Қарапайым заттардың экономикасы» жаңа бағдарламасы іске асырылып, 600 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Қала және аудан әкімдеріне «Даму» қорымен бірлесіп, жыл соңына дейін бағдарлама аясында кем дегенде 14 млрд теңгеге: әр аудан 1 млрд теңгеден, Қызылорда қаласы 7 млрд теңгеге жоба қарастыру тапсырылды.

Еске салсақ, 2018-2020 жылдар аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы ретінде жарияланды. Бұл бірден үш маңызды мәселені шешуге мүмкіндік береді: салық базасын ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын құру және өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайды жақсарту.

Өзгелердің жаңалығы