Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бизнесті қолдау бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндады.
Инфляция қарашада айында 5,4%, жалпы тауар айналымы 70,4 млрд теңгені құрады. Биыл қаңтар-қыркүйек айларында сауда теңгерімі $15 миллиардтан асты. Экспорт көлемі $42,7 млрд, ал импорт $27,6 млрд құрады. Соңғы жылдары елдің ЖІӨ өсімі 4,2%-дан аспағаны белгілі. Сапалы өсуді қамтамасыз ету мен стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу мақсатында біз ел экономикасының өсуін жылына кемінде 5% деңгейге жеткізуді межелейміз, - деп айтты ҰЭМ басшысы.
Оның сөзінше, жалпы әл-ауқат экономиканың жай-күйі мен инвестицияның өсуі ғана экономиканың өсуін қамтамасыз ете алады.
Министр осыған байланысты негізгі капиталға инвестициялар деңгейін 2025 жылға қарай ЖІӨ-ге 30%-ға дейін көтеру қажет екенін айтты. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2020–2024 жылдарға арналған жалпы сомасы 42 трлн теңгеге 4 мың инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды.
Көлік, құрылыс, отын-энергетика кешені, туризм және өңдеу өнеркәсібі инвестициялар өсуінің негізгі драйверлері болады. Жобалар пулы жалпы экономикалық өсімге қосымша 1 пайыздық тармақпен қамтамасыз етуі күтілуде, - деді министр.
Ол шағын және орта бизнесті қолдау басымды міндеттердің бірі екенін, белсенді халықтың 30%-дан астамы шағын және орта бизнесте жұмыс істейтінін айтты. Соңғы 5 жылда ШОБ субъектілер саны 1,5 есеге 1,3 млн дейін артқан.
Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үш жылға табыс салығын төлеуден босатылады. Бұл Жолдауда тапсырылды және қазіргі таңда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін заңнамалық түзетулер пысықталды. Нәтижесінде бизнес 3 жыл ішінде 382 млрд теңгені үнемдейді. Үнемделген ақша кәсіпкерлерге айналым қаражатын толықтыруға және жалпы өз қызметтерін жақсартуға мүмкіндік береді, - деді ҰЭМ басшысы "Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: алғашқы нәтижелері" тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференциясында.
Министр мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері салықтан босатыла отырып, 2020 жылы 1 қаңтардан бастап тексеру бойынша 3 жылға мораторий енгізілетінін айтты. Орташа есеппен 3 жыл ішінде 100 мыңға жуық тексеру жүргізілмейді. Бұл әкімшілік жүктемені төмендетуге, бизнес-ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бизнесті оңай жүргізуге және бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте, мораторий мынадай тексерулерге қолданылмайды:
- халыққа жаппай қауіп-қатердің алдын алуға байланысты;
- кәсіпкердің өз өтініші бойынша;
- кеден және салық органдары;
- прокуратура органдары;
- сәйкестікті бағалау саласында;
- "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Заңда және қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген негіздер бойынша;
- өнімнің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін мониторингілеу мақсатында.