Шағын аудандағы алғашқы Наурыз

18 Наурыз 2023, 23:19
4996
Бөлісу:
Шағын аудандағы алғашқы Наурыз
PHOTO
Фото: автордан

Бүгін Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный ауылында орналасқан Солтүстік шағын ауданында алғаш рет тұрғындардың тікелей мұрындық болуымен Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі тойланып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ  сол өңірдегі тілшісі. 

Соңғы он жылда Қостанай қаласымен іргелес орналасқан Заречный ауылы адам танымастай өзгеріп, елді мекеннің аумағы он есе үлкейді десек қателеспейміз.

Шағын аудандағы алғашқы Наурыз

 Қазір Заречныйдың өзің айтпағанда бүгінгі Наурыз мерекесі ел болып алғаш рет аталып өтіп отырған Солтүстік шағын ауданында төрт мыңға жуық түтін түтетіп отыр. Сол шағын ауданның тұрғындары үлкен ұйымшылдық пен береке-бірліктің үлгісін көрсетіп, Наурыз тойын елден ерекше атап өтті. Елден ерекше дейтін себебіміздің өзіндік мәні бар.

Халықтың күшімен киіз үй тігіліп, ыстық палау таратылып, қазан-қазан наурыз көже мен дәмі тіл үйіретін табақ-табақ ыстық бауырсақтар тойға келген қонақтар мен тұрғындарға тегін таратылды.

Аталмыш сән-салтанаты жарасқан тойға Заречный ауылының әкімі Нұрғиса Исмағанбетов арнайы қатысып, халықты Наурыз мерекесімен құттықтап, Солтүстік шағын ауданда алдағы екі жыл ішінде халық игілігіне берілетін маңызды нысандарға тоқталды.

Шағын аудандағы алғашқы Наурыз

 Барлық Солтүстік шағын аудан тұрғындарын осынау ұлы мерекеміз Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Заречный ауылының тарихында тұрғындардың тікелей мұрындық болуымен және өз күштерімен өткізіліп отырған бұл Наурыз мерекесінің орны ерекше. Алдағы уақытта Солтүстік шағын ауданда халық сұранысына ие бірнеше маңызды нысандар бой көтереді.

 Атап айтар болсақ, үлкен спорт кешені, мұз айдыны, аудандық емхана, мың балаға арналған білім ордасы, қысы-жазы балалар атқа мінуге арналған манеж құрылыстары салынып, халық игілігіне берілмек.

Оның сыртында жергілікті кәсіпкердің өз қаражатына салынып жатқан Мешіттің де құрылысы аяқталады. Бір сөзбен айтқанда бұл Солтүстік шағын аудан тұрғындары үшін қаладан кем емес жағдай жасалады деген сөз.

Себебі, өздеріңіз көріп тұрғандай қазіргі осы шағын аудандағы жалғыз мектептің өзіне балалар сыймай білім ордасы үш ауысыммен оқытуға мәжбүр болып отыр. Бұл кемшіліктердің барлығы алдағы уақыттта өз шешімін таппақ, - дейді Заречный ауылының әкімі Нұрғиса Исмағанбетов. 

Иә, расында да осы Солтүстік шағын аудан -  Заречный ауылындағы халық ең тығыз орналасқан елді-мекендердің бірі.  

Шағын аудандағы алғашқы Наурыз

Себебі, бұл жерде мемлекеттік «Нұрлы жер», «7-2025» бағдарламалары шеңберінде облыстың түпкір-түпкірінен бала-шағаның қамы үшін көшіп келіп, қоныстанған ағайынның басым бөлігін осы арадан табасыз. 

Сол аудан ес  жиып, етектерін жинап бір адамдай бірлігі жарасқан тату-тәтті көршілерге айналуына тура он жылдай уақыт өтіпті.

Шағын аудандағы алғашқы Наурыз

 Ағайынның ішкі бірлігі мен тату-тәтті татулығының беріктігін бүгінгі Наурыз тойы паш еткендей көрінді.  

Биыл Солтүстік шағын ауданның біз секілді ақсақалды аталары мен ақ жаулықты аналары ақылдаса келіп, барлық көрші-қоланды, ағайын-туысты осы Наурыз мерекесі төңірегінде бастарын біріктіріп, атап өтейік деген қолға алынып отырған игі бастама. Бұл бастама келесі жылы да өз жалғасын табады деген сенімдеміз. Негізі қазақ айтады ғой, ағайын тату болса – ат көп, Абысын тату болса – ас көп, деген осындай Самарқанның көк тасы жібіген уақытта біздің ұрпақтарымыз ұлттық болмысымызды дәріптеп, әдет-ғұрпымызды құрметтеп, Наурыз тойын барынша сән-салтанатымен атап өтіп отыратын болса бізге одан артық қуаныш жоқ. Бүгінгі мерекеге тігілген киіз үй де, ас та төк тағамдар да, спорттық жарыстардан алынған сыйлықтар да осы шағын ауданда мекендеп жатқан ел азаматтары мен кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлердің ақ пейіл ықыласымен халық үшін жасап отырған сый-құрметтері», - дейді ақ жаулықты ана Гүлнәр Жүсіпбекқызы. 

Иә, тұрғындардың өзі айтып тұрғандай бұл Наурыз өте жоғары және барынша мазмұнды өтті.

Шағын аудандағы алғашқы Наурыз

 Наурыз тойының бұлай өтуіне сүбелі үлестерін қосқан осы жердегі жалғыз мектептің ұстаздары мен басшысының еңбегін ерекше атап өткен жөн. 

Өзгелердің жаңалығы