ШҚО-да букмекерлік кеңсеге шабуыл жасағандар ұсталды

12 Қыркүйек 2019, 11:06
2106
Бөлісу:
ШҚО-да букмекерлік кеңсеге шабуыл жасағандар ұсталды
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемендік полицейлер букмекерлік кеңсеге шабуыл жасаған ұрыларды ұстады. Бұл туралы Өскемен қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Букмекерлік кеңсені 2 қыркүйек күні таңғы сағат 4:36-да бетперде киген екі адам тонап кеткен. Кеңседегі касса қызметкері полицияға хабарласып, екі белгісіз адам оларды тонап кеткендігін айтқан. 

«Оқиға орнына келген полиция басқармасының жедел-іздестіру тобы кеңсеге таңғы сағат 4:29-да капюшон мен бетперде киген екі белгісіз адам тапаншаға ұқсас затпен қызметкерлерге сес көрсетіп кассада болған 484 500 теңге ақшаны алып кеткенін анықтады», - делінген хабарламада. 

Кеңсені тонаған сәт видеокамераға түсіп қалған екен. 


«Кеңсеге қойылған камераның көмегімен және криминалды полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру әрекетінің нәтижесінде күдікті екі адам ұсталды. Олардың оқиға орнынан қалай кетіп, қайда барғандары түгелдей камераға түсіп қалған», - деді полицияда. 

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 192 бабы бойынша («Қарақшылық») сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Өзгелердің жаңалығы