Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытуға 2020-2025 жылдарды қамтитын кешенді жоспар жасалған. Оны іске асыруға 260 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы аймақ басшысының халық алдындағы есеп беруінде айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге тарихи орталық мәртебесі берілетінін айтқан еді. Алаштың рухани астанасын дамыту мақсатында кешенді жоспар әзірленген. 5 жыл көлемінде іске асатын бұл жобаға 260 млрд теңге жұмылдырылады. Бұрын-соңды осы қалаға мұндай ауқымды қаржы бөлінбеген. Сондықтан шаһар гүлденіп, тұрғындардың өмір сапасы жақсаратыны сөзсіз, - деді Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы мәліметінше, кешенді жоспар аясында 7 бағыттағы 56 шара іске асырылады. Атап айсақ, кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіптік кешенді, тұрғын үй құрылысы мен инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы және көлік инфрақұрылымын дамыту бағыттары қамтылатынын атап өтті.
2020 жылдың ең тағылымды шарасының бірі - Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы. Осыған орай 2020 жылы 184 іс-шара жоспарланса, оның 24-ін халықаралық деңгейде ұймдастырмақ.
Жалпы, ШҚО-да тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін шешу үшін алдағы 2 жылда тұрғын үй құрылысының көлемі 2 есеге артады.
Өңірдің жол-көлік инфрақұрылымына да баса назар аударылып отыр. 2020 жылы автожол саласына 102,8 млрд теңге инвестиция құйылады. Оның 82,3 млрд. теңгесі республикалық маңызы бар жолдар - "Талдықорған – Қалбатау - Өскемен және Қалбатау-Майқапшағай" бағытына, 20,5 млрд.теңгесі жергілікті маңызы бар жолдарға жұмсалады, - делінген өңір басшысының есебінде.