ШҚО-да соңғы 10 жылда 412 жоба мемлекеттен қолдау тапты

31 Тамыз 2020, 11:38
1765
Бөлісу:
ШҚО-да соңғы 10 жылда 412 жоба мемлекеттен қолдау тапты

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыста соңғы он жыл көлемінде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде 400-ден астам жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді.

Облыста 2010 жылдан бергі уақыт аралығында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 68,5 млрд теңгеге 412 жоба мемлекет тарапынан субсидияланған. Оның жалпы сомасы 4,3 млрд теңгені құрайтын 30 жобасы өткен жылы жүзеге асты. Аталмыш бағдарлама шеңберінде мемлекеттен қолдау тапқан осындай ұйымдардың бірі өскемендік «УК Триплекс» кәсіпорны. Бүгінде шыныдан түрлі бұйымдар жасап, тұрғындар көңілінен шыққан кәсіпорын соңғы алты жыл көлемінде мемлекетпен тұрақты әріптестік орнатқан.

Біздің компаниямыз 2007 жылы құрылған болатын. Ашылғаннан бастап ел тұтынатын тауарларды шығаруға машықтанғандықтан тез дамыдық. 2014-2015 жылдары компаниямыздың одан әрі дамуы үшін белгілі бір көлемде қаражат қажет бола бастады. Осы кезде бізге мемлекет тарапынан көмек көрсетілді. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы шеңберінде қаражат алып, ісімізді ілгерлетуге мүмкіндік алдық. Осындай әріптестік бір ғана көмекпен тоқтап қалған жоқ. Кейін өзіндік дәстүрге айналып, собан бері тұрақты түрде мемлекет көмегіне жүгініп келеміз, - дейді «Ук Триплекс» компаниясының директоры Константин Бородастов.

Қоса кетсек, биылғы жылдың бірінші жартысында мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қала бойынша жалпы сомасы 561млрд теңгеге 9 жоба субсидияланды. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы басталған уақыттан бері 166 жобаға жалпы сомасы 6,7 млрд теңге көлемінде кепілдік берілген. Оның бір млрд теңгені құрайтын 21 жобасы үстіміздегі жылы қолға алынды.

 


Өзгелердің жаңалығы