ШҚО-да ҰОС ардагерлеріне арналған медициналық айлық жарияланды

25 Сәуір 2019, 16:36
2098
Бөлісу:
ШҚО-да ҰОС ардагерлеріне арналған медициналық айлық жарияланды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ұлы Жеңістің 74-ші жылдығына орай Шығыс Қазақстанда 25 сәуір 25 мамыр аралығында ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген тұлғалардың денсаулығын қадағалауға арналған «Қамқорлық» медициналық айлығы жарияланды.

Айлық аясында облыстағы барлық амбулаториялық-емханалық медициналық мекемелерде «Ашық есік» күндері ұйымдастырылады. Шаралар аясында дәрігерлер зертханалық және функционалды диагностика әдістерін қолдана отырып медициналық тексерулер жүргізіп, кеңестер береді.

«Ардагерлердің денсаулығын сақтап, күту денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі. Қатары жыл санап азайып бара жатқан ардагерлеріміздің денсаулығын қадағалап, олардың әлі де арамызда жүруін қамтамасыз етуіміз керек», - деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ілияс Мұхамеджан.

Айлық барысында медициналық тексерулер мен консультативті-диагностикалық көмек емханалармен қатар, өздігінен жүріп-тұра алмайтын ардагерлерге үйлерінде көрсетіледі.

«Емханаға келуге денсаулық жағдайы мүмкіндік бермейтін ардагерлерді дәрігерлер үйлеріне барып тексереді. Олардың құрамында невролог, терапевт, хирург, окулист, отоларинголог мамандар болады. Тексеру қорытындысы бойынша әр ардагерге жекелеген емдеу-сауықтыру іс-шаралары қабылданып, дертіне қарай стационарлық, шипажайлық немесе учаскелік терапевтің бақылауымен үйде емделу әдістері қолданылмақ», - деп қосты жауапты тұлға.

Қоса кетсек, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда барлығы 187 ҰОС ардагері тұрып жатыр. Бұдан бөлек, мамыр айындағы мерекелік күндер қарсаңында өңірдегі 14 000 тыл ардагері медициналық тексеріспен қамтылады.

Өзгелердің жаңалығы