Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл өңірде 420 мың гектар алқапқа күнбағыс дақылы егілді. Бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.
Құзырлы мекеме хабарлағандай, биыл өңірдегі егістің 420,5 мың гектары күнбағыс алқаптарына тиесілі көрінеді.
Облыстың егіс шаруашылығы саласы негізінен май дақылдарын егуге және оны экспорттауға негізделген. Атап айтсақ, облыстан күнбағыс, зығыр және рапс сынды май дақылдары шетелдерге экспортқа шығарылады. Мысалы, күнбағыс дәні Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қытай сияқты мемлекеттерге сатылса, зығыр дақылы Ресей, Өзбекстан, Австрия, Бельгия, Моңғолия, Польша елдеріне, рапс дақылы Ресей, Австрия, Иран, Моңғолия және Дания мемлекеттеріне жіберіледі, – деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Диляра Жылқайдарова.
Басқарма өкілінің айтуынша, 2020 жылы май дақылдарының түсімі өткен жылдардағы көрсеткіштен төмен болмайтын сияқты. Ауыл шаруашылығы саласы мамандарының болжамынша, биыл күнбағыс дақылының түсімі гектарынан 10 центнерден түсім берсе, сояның түсімі гектарына - 9, рапстікі 10,6 центнер болатын көрінеді.
Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы басқармасы облыстағы май өнімдерін дайындайтын кәсіпорындарға шикізатты тұрақты жеткізуді қамтамасыз етпек. Ол үшін аймақтағы май дақылдары егістіктерінің көлемін ұлғайтуға қатысты бағдарлама әзірленбек. Өстіп, Шығыс өңірінде өсірілетін күнбағыс егістіктерінің көлемін 100 мың гектарға өсірудің жоспары дайындалуда.
Қоса кетсек, аталмыш салаға жүргізілген талдаудың нәтижелері облыста жылда егілетін егіс үлесіндегі күнбағыс алқаптарының көлемі 33 пайыз, кей аудандарда 45 пайызға жетіп жығылатынын көрсеткен. Осыған орай өңірдегі шаруашылықтар егіс алқаптарын аз көлемде, атап айтсақ, 20,7 мың гектарға үлкейте алады. Осы көрсеткіш ұсталса, 2021 жылы егістіктер көлемін 458,8 мың, 2022 жылы 481,8 мың, ал 2023 жылы 505,9 мың гектарға жеткізуге болады.