Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде тұмауға қарсы вакцинациялау 15 қыркүйектен басталды. БМСК деңгейінде ШҚО-да тұмауға қарсы иммундау жүргізу үшін тұмаудан асқыну қаупі жоғары топқа жататын 79 910 адамға 338 егу кабинеттері ұйымдастырылды. Бұл туралы ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«СК-Фармация»-ның жергілікті бюджетінен бөлінген қаржыға 88 539 доза вакцина сатып алынды.
Вакцинация маусымы басталғаннан бері, 15 қыркүйек пен 8 қазан аралығында әзірге 67 402 адам, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 61 406 адам, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 5 777 адам, ақылы түрде 219 адам тұмауға қарсы екпе алды. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 15 143 бала тұмауға қарсы екпе салдырған.
Естеріңізге сала кетейік, 2019-2020 жж. эпидмаусымда (қыркүйек-сәуір) 60 455 ЖРВИ жағдайы тіркелген болатын. Тұмауға қарсы вакцинаның 85 134 дозасы сатып алынып, вакцина толығымен 100% игерілген.
Өткен жылы тұмауға қарсы барлығы 146 044 адам егілді, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 85 134 адам, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 39 042 адам, ақылы негізде 21 868 адам егілді. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 27 326, 17 486 медицина қызметкері, 4 119 жүкті әйел егілді. Биылғы жылы жедел респираторлық инфекциялар мен тұмаудың маусымы коронавирустық инфекцияның болжамалы екінші толқынымен сәйкес келеді. Сондықтан денсаулықты алдын-ала нығайтуға кеңес береміз, - дейді ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.