Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы үш жылда Шығыс өңірі инновациялық даму бойынша алдыңғы қатарға шықты.
Аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шұрманов соңғы үш жыл көлемінде аймақтың инновациялық дамуда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келе жатқанын атап өтті.
Облыстың 2018 жылғы инновациялық белсенділігі республика бойынша 15 пайызға жетіп, өңіріміз бірінші орынға шықты. Инновациялық өнім көлемі екі есеге ұлғайып, 170 миллиард теңгеден асып жығылды. Жалпы еліміздегі инновациялық өнімдерді өндіретін кәсіпорындардың бірқатары біздің облысымызда орналасқан, - деді Ержан Айткенұлы өз баяндамасында.Соңғы жылдары инновациялық өнім өндіретін кәсіпорындарда отандық ғылымның жетістіктерін қолдану жиі көрініс таба бастағанын айтқан басқарма басшысы бұл ретте Дәулет Серікбаев атындағы ШҚМТУ-мен жақсы байланыс орнатылғанын атап өтті.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының аумағында өндірістік тәжірибелік учаске құрылып, онда травматология және ортопедия саласында қолданылатын медициналық импланттарды өндіру қолға алынған. Қазіргі уақытта травматология ҚазҒИ-інің тапсырысы бойынша техникалық университет ғалымдары импланттардың алғашқы үлгілерін жасап та қойған, - деп қосты басқарма басшысы.