Шөкеев Мақтааралдағы шығын көлемі туралы айтты

5 Мамыр 2020, 11:02
2290
Бөлісу:
Шөкеев Мақтааралдағы шығын көлемі туралы айтты
Фото: дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өзбекстанда су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданының оннан астам елді мекенін су басты. Қазіргі кезде шығын көлемі есептеліп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты.

Алдын ала есептеулер бойынша 845 тұрғын үйді, 3 мектепті, 5 балабақшаны, 4 медицина нысанын, бір мәдениет үйі мен он дүкенді су басты.

Жеңіс ауылындағы көпірді және республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автомобиль жолы су астында қалды. Мұнан бөлек, алдын ала жинақталған мәліметтерге сәйкес, көлемі 7 639 гектар егістік жерін су басқан. Мал шығыны да нақтыланып жатыр. Қазіргі уақытта осы жоғарыда аталған шығындарды есептеп жатырмыз. Нақты шығын көлемі анықталғаннан кейін қосымша айтамыз, - деді әкім. 

Оның айтуынша, ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау және су басқан тұрғын үйлердің мүлкін қорғау үшін 8 блокпункт орнатылып, полиция департаментінің жеке құрамынан 303 қызметкер, 53 көлік жұмылдырылған. 

Елді мекендерді су басуының алдын алу үшін Нұрлы жол, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерінде бөгеттер салынып, Мырзакент бағытында Фирдоуси елді мекені аумағында коллектотөр орнатылды. Мұнан бөлек, Мақтаарал ауданының аумағынан ағын суды тез арада шығару мақсатында Өзбекстан Республикасы тарапынан Жетісай ауданы Қоғалы елді мекенінің маңынан Орталық Бетпақдала коллекторы арқылы автожол көпірін айналып өтетін канал қазылды, - деді Өмірзақ Шөкеев.
Премьер-министр Асқар Мамин төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

Айта кетейік, 1 мамырда Өзбекстандағы Сырдария облысында Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды. Соның салдарынан Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басып, төтенше жағдай орын алды.

Естеріңізге сала кетейік, Шөккев Үкімет отырысында Өзбекстан тарапы Мақтааралдағы барлық коллекторды тазалауға көмектесетіндігін айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы