Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа фронт-офистер халық көп шоғырланған Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ашылады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді.
«Мегаполистердегі халықтың өсуі жедел шаралардың қабылдануын талап етеді. Жарты жылдың өзінде Алматы мен Нұр-Сұлтан шаһарларында ғана 3,5 млн қызмет көрсетілген. Тамыз айының соңына дейін біз астанамыз бен Алматыда қосымша бір-бір халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашатын боламыз. Оған қоса, Алматы қаласындағы Алатау ауданындағы ХҚКО бір айлық үзілістен кейін қайтадан өз қызметін жандандырды», - делінген әлеуметтік желідегі жазбада.
Оған қоса, еліміздегі мамандандырылған ХҚКО саны артатын болады. Мәселен, Алматы қаласында алтыншы авто ХҚКО ашылса, оған жақын жатқан Талғар және Қарасай аудандарында тағы бір-бір орталық іске қосылады. Әсемгүл Серікқызының айтуынша, жаңа орталықтар тамыз-қыркүйек аралығында ашылады.
«Ең үлкен автобазар осы мегаполисте, жақын жатқан облыс тұрғындары сонда барып көліктерін сатып, жаңасын алып, тіркеу рәсімдерін де сонда жасатады. Жарты жыл ішінде Қазақстанда көлік секторы бойынша көрсетілген қызмет саны 1,5 млн жуық болса, оның 24%-ы Алматыға тиесілі», - деп атап өткен Балташева өз парақшасында.
Сондай-ақ, Шымкент қаласында да мамандандырылған ХҚО іске қосылатыны айтылған. Осылайша, бұл шаһарда қыркүйек айынан бастап 3 авто ХҚКО қызмет көрсете бастайды.
Бүгінде Қазақстанда 328 фронт-офис жұмыс істейді, көрсетілетін қызмет түрлеріне қарай олар ХҚКО, цифрлық ХҚКО, көші-қон ХҚКО-сы, мамандандырылған ХҚКО-лар болып жіктеледі. Жыл басынан бері алты ай ішінде онда қазақстандықтарға 15 млн қызмет көрсетілген.