Алматы қаласы жоғары сейсмикалық белсенділік аймағында орналасқан. Мұнда жер сілкінісінің күші 10 балға дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы 10 баллға дейінгі сейсмикалық аймақта орналасқан. Қала арқылы көптеген тектоникалық жарықтар өтеді. Осыған байланысты бас жоспарды қалыптастыру кезінде 10 баллдық сейсмикалық аймақтарда шектеулер белгіленді, – деді Дархан Сатыбалды.
Оның айтуынша, сейсмикалық тұрғыдан ең қауіпті аумақтарда ғимараттардың қабаттылығына қатаң шектеулер қойылған. Кейбір аймақтарда алты қабаттан жоғары ғимарат салуға рұқсат етілмейді. Абай даңғылынан жоғары орналасқан аумақтарда құрылыс тоғыз қабатпен шектеледі, ал бірқатар тау бөктері мен таулы аймақтарда тұрғын үй кешендерін салуға мүлдем тыйым салынған.
Абай көшесінен жоғары тоғыз қабатқа дейін шектеу бар. Ал одан әрі Әл-Фараби, Жандосов аудандарында, сондай-ақ Талғар бағытына шығатын тас жолдар бойында тұрғын үй кешендерін салуға мүлде рұқсат жоқ, – деді қала әкімі.
Дархан Сатыбалды тектоникалық жарықтар аймағына кіретін аумақтарда қосымша талаптар қолданылатынын да атап өтті. Мұндай жағдайда құрылыс салушылар арнайы техникалық шарттар алуға және міндетті сараптамадан өтуге тиіс.
Егер нысан тектоникалық жарықтар аймағына түссе, оған арнайы талаптар мен шектеулер қойылады. Жоба Қазақстандық құрылыс институты мен Өнеркәсіп министрлігі арқылы сараптамадан өтеді. Барлық нормалар сақталады, біз бұл мәселеге қатаң бақылау жүргіземіз, – деді ол.
Әкім сондай-ақ құрылыс барысы жобалау кезеңінен бастап нысанды пайдалануға беру сәтіне дейін барлық кезеңде сәулет және құрылыс саласының мамандарының қатысуымен бақыланатынын нақтылады.
Жаңа бас жоспарды түзету мәселесіне қатысты сұраққа жауап берген Дархан Сатыбалды қолданыстағы ережелер тек сақталып қана қоймай, одан әрі күшейтілетінін айтты.