Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров апталық баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кореядағы Қазақстан елшілігі Сеулде қаза тапқан отандасымыздың отбасына қажетті барлық көмекті көрсетті. Олар келісілген шартпен жұмыс істеді. Мәйітті Қазақстанға, соның ішінде Ақтөбе қаласына дейін жеткізу бойынша барлық шығынды Корея тарапы толықтай өз мойнына алды, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі.
Айтуынша, 3 қараша күні қазақстандық студенттің денесі Алматыға, 4 қараша күні Ақтөбеге жеткізілді.
Өкінішке қарай, осы қайғылы жағдайды пайдаланып, табыс тапқысы келген теріс пиғылды адамдар ғаламтор желісі арқылы ақша жинаған. Мәйітті елге жеткізуге қаражат жетпей жатқанын айтқан. Алайда барлық шығынды Корея тарапы өтеді, - деді Айбек Смадияров министрлікте өткен брифингте.
Еске сала кетейік, Сеулде Хэллоуинді тойлау кезінде адамдар Итхэвон ауданындағы тар көшелердің бірінде бір-бірін таптап өтіп, Кореяда оқып жатқан қазақстандық студент Мәдина Шерниязова мерт болған еді. Белгілі болғандай, магистранттың денесі арнайы бортпен Қазақстанға жеткізілді. Қайғылы жағдайдан 150-ден астам адам қаза болды. Олардың арасында шетелдік азаматтар да бар.