ЭЫДҰ өкілі Антонио Капобьянко және БҚДА-мен кездесу Қазақстанның бәсекелестік заңнамасы мен саясатының екінші шолуын дайындау бойынша ЭЫДҰ-ның Қазақстандағы миссиясы аясында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атап өткендей, бүгінде Бірінші шолу шеңберінде берілген ЭЫДҰ ұсынымдары 80%-ға орындалды.
Мемлекет басшысы алдымызға Қазақстанның экономикалық саясатын ЭЫДҰ жоғары стандарттарына сәйкестендіру мақсатын қойды және біз ұсыныстардың басым бөлігін іске асырдық. Бүгін сіздерді қызықтыратын мәселелерді Екінші шолу аясында талқылауға дайынбыз, – деді вице-премьер жиынға қатысушыларға.
Тараптар Қазақстанның бәсекелестікті дамыту және Қазақстан экономикасын ырықтандыру саласындағы жуырдағы бастамаларын талқылады. Атап айтқанда, БҚДА жанынан Ұлттық жекешелендіру кеңсенің құрылуын әрі оның кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын азайту жөніндегі жоспарларын оң атап өтті. ЭЫДҰ өкілдері Қазақстанның бәсекелестік заңнамасы мен саясатының екінші шолуын дайындауға материал жинау үшін басқа да мемлекеттік органдар және халықаралық ұйымдар басшыларымен бірқатар кездесу өткізуді жоспарлап отыр.