"Шаңыраққа" бірінші рет басқа қаладан мейман келді.
Көкшетаулық Сергей Нестерді біздің шығармашылық ұжым TikTok әлеуметтік желісінен көріп, іздеп, тауып, студиямызға келтіруге жұмыстанды.
Нәтижесінде, көкшетаулық сары қазақпен тамаша сұхбат шықты.
Сергей Нестердің анасы орыс, әкесі украин. "Көзім көк, өңім сары болса да жүрегім қазақ" деп тұрған азаматтан қалай айналмайсың?
"Зеренді ауданы, Ортақ деген ауылда өстім. Руым Арғын ішіндегі Даңқой болады" деп әңгімені төккенде еріксіз риза болыстық.
Жеңіл, ойнақы, әзіл-қалжыңға толы сұхбат болды, мархаббат!
"Шаңырақ" - түрі өзге болса, тілі қазақша азаматтармен мемлекеттік тілде сұхбат құратын, сол арқылы қоғамға ой тастауды мақсат тұтатын жоба. Жоба негізінен елге танымал азаматтармен қатар, бұған дейін қалың жұртшылыққа беймәлімдеу боп келген жастар сөйлейтін алаң болмақ, көрерменге сонысымен де тартымды болуды көздейді.
Еске салсақ, жобаның алдыңғы санындағы қонағы - қазақ тілін оқытушы кәріс ұлтының өкілі Владислав Тен болған еді.