Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауға «Сергек» бейнекамералары орнатылып жатыр. Қазіргі уақытта шаhардағы жол тәртібін бақылайтын мұндай бейнекамераның бесеуі Бейбарыс даңғылы мен Сәтпаев көшесінің бойында орналасқан. Олардың жалпы құны – 10 млрд теңге
«Осы жоба аясында 51 көше қиылысын, сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 153 желілік учаскені камералармен жабдықтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 774 қоғамдық қауіпсіздік камерасы орнатылады. Сондай-ақ, бұл жоба полиция қызметкерлері үшін 100 жұмыс орнын ашпақ», - дейді мердігер мекеме өкілі Арман Әлмереков.
Соңғы үлгідегі құрылғылардың басты ерекшелігі сол – тек суретке түсіріп қоймайды, бейнежазбаға да жазып алады. Бейнені 25 есеге дейін үлкейтіп көрсете алатын камералар жолда жүру ережесін бұзған жүргізушілерді 80 метр қашықтықтан анықтай алады. Бірнеше жолақты қатар қамтып, бір уақытта көптеген тәртіп бұзушылықты таспаға түсіру мүмкіндігіне ие.
Полицейлер мұндай жаңашылдықтан кейін жол-көлік оқиғаларының саны азаятынына сенімді.
«Бұл құралдардың көмегімен көлік құралының белгіленген жүру жылдамдығын асырған, жол белгілерімен таңбаларының талаптарын бұзған, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өткен құқықбұзушылықтар автоматты режимде тіркеледі. Автокөлік тәулік ішінде бірнеше мәрте ереже бұзған болса, оны жол полициясы қызметінің кезекші бөліміндегі маманның планшетіне түсіріп, көліктің қайда бағыт алғанынан бастап, толыққанды ақпарат жеткізеді. Ақылды камералар әзірге тестілік режимде жұмыс жасайды », - дейді Атырау облыстық ПД инспекторы Әсел Сейсенғалиева.
Бір жылдан кейін бейнекамераларды орнатуға мемлекеттен бөлінген қаржы жолда жүру ережелерін бұзғандығы үшін жүргізушілерге салынатын айыппұл арқылы өтелетін болады.