"Сергек" салған айыппұлдар мемлекет қоржынына түседі

10 Қаңтар 2020, 15:01
13640
Бөлісу:
"Сергек" салған айыппұлдар мемлекет қоржынына түседі
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Бүгін Алматы қаласы ПД-нің әкімшілік полиция басқарамасының басшысы Жандос Мұратәлиев баспасөз мәслихатын өткізіп, "Сергек" төңірегінде халықты мазалаған сұрақтарға жауап берді.

Бірнеше күннен бері маған «Сергек» камералары бойынша қала тұрғындарынан көптеген сұрақтар келіп түсуде. Көпшілігі "бұл айыппұлдар қала немесе мемлекет бюджетіне түсе ме?" деген сұрақ қоюда. Осы тұрғыда барлық әкімшілік айыппұлдар соңғы тиынына дейін мемлекет бюджетіне түсетінін айтқым келеді, - деді ол. 
 
Оның айтуынша, осы құрылғының арқасында өзге өңірлерде жол көлік оқиғасының саны күрт азайған. Ал, Алматы қаласында 2018 жылы 130 адам жол апатынан қаза тапса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 145 адамға жеткен. 
2020 жылдың басынан бері қалада 400 сергек камерасы орнатылды. Олар әсіресе жол көлік оқиғалары көп болатын жерге және тұрғындардың өтніші бойынша балалар көп жүретін тұстарға қойылды. Бұл камералар қаладағы жол апаттарын азайту мен қылмысты ашу мақсатында орнатылып жатыр", - деді Ж. Мұратәлиев. 

Сонымен қатар, ол Алматы айналма жолындағы жылдамдықты 80 көтергелі қандай өзгеріс болғанын айтып берді.
Әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолында жол көлік оқиғалар саны азайған, ал Сайн көшесінде керісінше жол апаты артқанын көріп отырмыз. Бұл көшелердің барлығында "Сергек" камералары орнатылды және жүргізушілердің жол ережесі талаптарын қатаң сақтап жатқанын байқап отырмыз, - деді ол.
 
"Сергек" камераларын орнатумен айналысатын "Көркем Телеком" ЖШС-нің директоры Бибігүл Айтукенова бұл құрылғылар отандық өнім екенін айтады. 
Бұл камералар толықтай Қазақстанда өңделеді және 2017 жылдан бастап іске қосылуда. Алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында орнатылып жақсы нәтиже көрсетіп, жол көлік оқиғасының азаюына септігін тигізді. Алматыда мемлекеттік сатып алу бойынша 400 "Сергек" камерасын орнаттық және оған 50 млн теңге шамасында ақша бөлінді, - деді ол.

Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков қалада бақылау камераларын көптеп орнату әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар екенін айтады.
 
Біздің жүргізушілерді жол жүру ережесіне бақылау және жазалау арқылы үйрету керек. Сондықтан бұл камералардың орнатылуын қолдаймыз. Қазір әлеуметтік желіде барлығы бұл камераларға қатысты теріс пікір білідіріп жатыр. Бұл өткінші нәрсе. Қауіпсіздік белдігін тақпағандарды қатаң жазалаған кезде де халық осындай пікірде болған, алайда жарты жыл өтпей бәрі белдіктерді тағып үйренді. Егер айыппұл төлегің келмесе жол ережесін бұзба, - дейді ол. 

Әкімшілік полиция басқарамасының басшысы Жандос Мұратәлиев қалада алдағы уақытта қылмыскерлердің бет әлпетін тану арқылы анықтайтын камералар орнатылатынын да айтып өтті.
Мұнгдай камераларды орнату бойынша тағы бір жоба қолға алынған. Ол жайында бірнеше шетелдік компания ұсыныстарын білдіріп, құрылғыларын таныстырып жатыр. Израйль, Австрия және Еуропаның өзге елдерінен компаниялар келді, қазір келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта мұндай камералар адамдар көп шоғырланған жерлерге орнатылатын болады, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы